Доллар қайтадан 5 теңгеге нығайды

Қазақстан қор биржасында (KASE) доллардың ұлттық валютаға шаққандағы бағамы бүгін бірден 5,11 теңгеге көтеріліп, 1 доллар бағасы 522,11 теңге болды.
Осылайша АҚШ валютасы екі аптаның ішінде шамамен 20 теңгеге нығайды. 3 сәуірде 1 доллар 502 теңге, ал 11 наурызда 488 теңге тұрды. Ұлттық валюта бір айда шамамен 34 теңгеге құлдырады.
Еуроның ұлттық валютаға шаққандағы бағамы да едәуір көтерілді – +7,48. Енді 1 еуро 594,50 теңге тұрады. Ресей және Қытай валюталары да нығайды.
kurs.kz мәліметінше, Алматыдағы валюта айырбастау пунктерінде 1 доллар шамамен 524,5 теңгеден, ал Астана қаласында 527 теңгеден сатылып жатыр.
Бүгін ғана Ұлттық банк өкілі сәуір айының тек алғашқы аптасында ғана теңге бағамының құбылмалы болуынан, сонымен бірге сыртқы нарықтардағы өзгерістерден зейнетақы қорының инвестициялық табыс көлемі шамамен 400 млрд теңге болғанын айтқан.
Бүгін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ақордада президенттің төрағалығымен өткен жиналысқа қатысқан. Жиналыста мемлекеттің қаржы тұрақтылығын сақтау мәселесі де сөз болған.