Трамп өзін сынаған Байденді «ең нашар президент» деп атады

АҚШ президенті Дональд Трамп биліктен кеткелі бері бүгін ғана ел алдына шыққан Джо Байденнің сынына жауап берді. Экс-президент оны миллиардерлердің мүддесін қорғап жүр деп айыптаған.
Ең нашар президент
Құрама Штаттардың бұрынғы президенті Байден «миллиондаған қылмыскердің» АҚШ-ға кіруіне жол берді деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіне. Бұған қоса ол экс-президентті Құрама Штаттар тарихындағы «ең әлсіз басшы» деп сынады.
«Джо Байден, Құрама Штаттар тарихындағы ең нашар президент, миллиондаған қылмыскердің елге кіруіне жол берді. Олардың көбі кісі өлтіруші, ескірті сатушы, түрмелер мен психиатрлардан шыққан адамдар. Мен баскесерлерді бұл жерден қуып шығам. Мені сол үшін сайлады», – деп жазды Трамп.
Ақ үй өкілі Стивен Чунг те экс-президентті сынап, оны «ақылынан адасқан адам» деп атаған.
Трамп Ақ үйге кірген уақытта бұрынғы президенттің «ақылға қонымсыз» жарлықтарының бәрінің күшін жоюға уәде берген.
Трамп миллиардерлер мүддесін қорғап жүр ме?
Бұның алдында Байден елдің қазіргі басшысын сынап, оны «әлгі жігіт» деп атаған. Экс-президент Ақ үй қожайынын көптеген адамды жұмыстан қысқартқанын еске салып, мұндай саясаттың салдары миллиондаған америкалықтың өміріне кері әсер етеді деген. Оның баспасөз конференциясын CNN көрсетті.
«Жаңа әкімшілік биліктегі жүз күннен аз уақыттың ішінде қаншама залал әкелді… Олар әуелі бәрін қиратады, сосын тонайды. Неге? Миллиардерлер мен ірі корпорациялардың салығын түсіру үшін», – деп мәлімдеді Байден.
Джо Байден 2025 жылғы 20 қаңтарда Ай үйден кеткелі бері алғаш рет көпшілік алдына шықты. Байденнің орнына былтыр күзде президент сайлауында жеңіске жеткен Дональд Трамп келген.
Трамп Ақ үйге кіре салысымен мемлекет қызметкерлері мен мекемелерді қысқартуды, әлем елдеріне баж салығын көбейтуді, сонымен бірге мигранттарды Құрама Штаттардан шығаруды қолға алды.
Трамп бастаған сауда соғысы салдарынан әлем елдері мен экономикасы қиын жағдайға тап болды. Әсіресе, қаржы нарығы қатты зардап шегіп, сауда тәртібі бұзылды. Сауда соғысынан Трампты қолдайтын миллиарлердер де қыруар ақшасынан айрылды. Көп ақша жоғалтқандар көшін Марк Цукерберг, Джефф Безос және Илон Маск бастап тұр. Олардың бәрі Трамптың билікке келуіне ақша құйған.