ҰБ зейнетақы активтері туралы: алаңдауға негіз жоқ – жағдай түзелді

Жыл басынан бері Қазақстанда зейнетақы активтері бойынша инвестициялық кіріс -370 млрд теңге, яғни теріс көрсеткіш көрсетіп тұр. Алайда Ұлттық банк өкілдері алаңдауға негіз жоқ – жағдай реттелді деп отыр.
Зейнетақы активтерін басқару
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы активтері 22,3 трлн теңге болды. Бұл көрсеткіш 2014 жылғы сәуірден, яғни зейнетақы активтері БЖЗҚ-да біріктірілген сәттен бері 5 еседен аса өсті.
Зейнетақы активтерінің 60%-ы теңге, 40%-ы шетел валютасында ұсталады. Валютадағы активтер үлесі – 17,7 млрд доллар.
Валюталық активтер нарықтағы бағалы қағаздардың кең жиынтығын қамтитын индекстерге негізделеді. Мысалы, акциялар индексі Apple, Microsoft, Tesla және басқа да компанияларды қоса алғанда, 1 000-нан астам эмитентті қамтиды.
Теріс көрсеткіш туралы
2025 жылдың бірінші тоқсанында зейнетақы салымшылары өз шоттарында инвестициялық табыстың төмендегенін байқады. БЖЗҚ мәліметінше, жыл басынан бергі инвестициялық табыс -370 млрд теңге болған.
Дегенмен Ұлттық банк өкілдері теріс көрсеткіш «уақытша сипатқа ие», сондықтан алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Қаржы мамандары «төмендеу үрдісі «зейнетақы активтері қайта бағаланғандықтан болды» дейді.
«Жағдай түзелді. Инвестициялық табыс мәселесі жоқ. Бізде үнемі жыл басында неге теріс деген сауал қойылады. Қаңтар-ақпанда тұрақсыздық үнемі болып тұрады. Ол жыл бойы жинақталған инвестициялық табыспен жабылады.
Айтайын дегенім, екі-үш айды қарау дұрыс емес. Жұртты адастырамыз. 12 айды алған жөн. Алдын ала мәлімет бойынша, бір жылдық инвестициялық табыс шамамен – 12 пайыз. Осы уақыттағы инфляция көлемі – 10 пайыз. Сонда бір жылда шынайы табыс 2 пайыз болып тұр», – деп түсіндірді ҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов.
Сәуірде теңгенің құбылуынан 400 млрд табыс түсті
Оның айтуынша, жыл басындағы теріс инвестициялық табыс – есеп түріндегі ғана мәлімет, яғни түбегейлі шығын емес. Бұл – активтер құнының уақытша құбылуына байланысты қалыптасқан көрсеткіш. Қаржы нарығындағы жағдай тұрақталған сайын, бұл активтердің құны қайта қалпына келеді дейді маман.
«Мысалы, алдын ала мәліметтерге сәйкес, сәуір айының тек алғашқы аптасында ғана теңге бағамының құбылмалылығы мен сыртқы нарықтардағы өзгерістердің нәтижесінде инвестициялық табыс көлемі шамамен 400 млрд теңге болды. Бұл өз кезегінде қаңтар–наурыз айларындағы теріс инвестициялық табысты айтарлықтай өтеуге мүмкіндік берді», – дейді Тұрсынханов.
Ұлттық Банк зейнетақы активтерін басқаруды тұрақты бақылауда ұстайды.