Жаңалықтар

Ұлттық банк зейнетақы активтерінің 1,5 трлн теңгесін «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерекке» салады

БЖЗҚ қаржысын «Бәйтерек» пен Самұрық-Қазынаға салады / Фото: shutterstock

БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағыттайды. Ол үшін ірі мемлекеттік холдинг облигацияларын сатып алмақшы. Ұлттық банк монетарлық операциясы департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхан осылай деп мәлім етті.

«Басқарушы ретінде БЖЗҚ-дағы зейнетақы активінің 1,5 трлн теңгесін ел ішіндегі инфрақұрылымдық жобаларға салуға дайынбыз. Бұл жерде біз үшін эмитент – яғни біз басқарушы ретінде қаржыны аударып отырған ұйым маңызды. Қазір оны талқылап жатырмыз. Ол «Самұрық-Қазына» және оның еншілес ұйымдары немесе «Бәйтерек» ұлттық холдингі және несие рейтингі бар, бәріне таныс еншілес компаниялары болуы мүмкін. Яғни артында мемлекет тұрған сенімді эмитенттер», – деп түсіндірді Ұлттық банк өкілі.

Оның атап өтуінше, мұндай таңдау салымшылардың мүддесін қорғап, инвестицияның сенімділігін арттырады. Қазір жоспарланған 1,5 трлн теңгенің 400 млрд теңгесін инвестициялап үлгерген.

«Біз жыл басынан бері көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру үшін «Бәйтерек» облигацияларына бірқатар инвестиция салдық. Оларды өте мерзімі өте қысқа – шамамен 1-1,5 жыл. Жалпы алғанда, «Бәйтерек» те, «Самұрық» та – ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан ұйымдар», – деді Нұржан Тұрсынхан.

Жалпы биыл зейнетақы активтері бойынша инвестициялық кіріс -370 млрд теңге яғни теріс көрсеткіш көрсетіп тұр. Алайда реттеуші «алаңдауға негіз жоқ, жағдай реттелді» деп сендіреді.