Медсақтандыруға өзгеріс енгізіледі. Аймағамбетов оң ұсыныстар айтты

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің тілшісі
Медсақтандыруға өзгеріс енгізіледі. Аймағамбетов оң ұсыныстар айтты
Медсақтандыруға өзгеріс енгізіледі. Аймағамбетов оң ұсыныстар айтты/Фото: Асқар Ахметуллин

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілетін өзгерістер қарсаңында өзінің ұсыныстарын ортаға салды.

Оның айтуынша, өзгерістермен қатар келетін қос жаңашылдық көпті алаңдатып отыр. Оның біріншісі кепілдендірілген көмек көлемінің қысқаруы. Заң жобасында медициналық көмектің көп бөлігін МӘМС пакетіне көшіру ұсынылған. Депутат алғашқы тексеріс пен базалық диагностика кепілдендірілген көмек аясында қалуы тиіс деп санайды.

«Екінші, жарна мөлшерінің артуы. Жұмыс беруші мен қызметкерден алынатын жарна шегін арттыру ұсынылған. Әділеттілік қажет, бірақ бизнес пен азаматтардың мүмкіндігін ескеру керек. Жарнаны салыққа айналдыруға болмайды. Балама мен ынталандырусыз шекті арттыру — жүйені шамадан тыс жүктеуге апарады», – дейді ол.

Депутат не ұсынады

Аймағамбетов алғашқы тексеріс пен базалық диагностика кепілдендірілген көмек аясында қалуы тиіс деп атап өтті. Жедел жәрдем, скринингтер, онкологиялық, туберкулез, ВИЧ сияқты әлеуметтік маңызы бар аурулар ТМККК аясында қалған..

«Келесі жеке медициналық жинақ шотын енгізу. МӘМС жарнасының бір бөлігі азаматтың атына ашылған арнайы шотқа түсіп отыруы керек. Оны азамат ерікті сақтандыру, стоматология, оңалту, қосымша ем, дәрі-дәрмек т.б қызметтерге жұмсай алады. Бұл жүйеге сенімді арттырып, адамды белсенді болуға ынталандырады», – дейді депутат.

Сондай-ақ ол МӘМС жүйесіне қатысып, өз денсаулығына мән беретін азаматтарға ынталандыру жүйесін енгізу қажеттігін айтты.

Аймағамбетовтің сөзінше, ұсыныстар әлі де талқылану үстінде. Қорытынды шешім қабылданбаған.

Сондай-ақ оқыңыз