Ұшаққа артық билет сатқан әуекомпанияларына айыппұл салынады

Қазақстанда «Овербукинг» деп аталатын әуе кемесіндегі орындар санынан артық билет сату тәжірибесіне жауапкершілік енгізілді. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы мәлім етті.
«Овербукинг» келеңсіздігі
Ведомствоның мәліметінше, ірі халықаралық әуе компаниялары кей жолаушылардың рейске келмейтінін болжап, орыннан артық билет сатады. Алайда барлық жолаушы ұшуға келген жағдайда, кейбіреуіне ұшаққа отыруға рұқсат берілмейді.
Бұл тәжірибе соңғы екі жылда Қазақстанда да кей танымал бағыттарда, мереке және демалыс күндері қолданылған. Жолаушылар қолында ақылы билеті бола тұра, ұшаққа отырғызылмай, балама жол іздеуге мәжбүр болған. Бұған қоғам наразылығы артқан.
Кодекстегі өзгеріс
«Билет болғанымен, борттағы орын берілмеген жағдайда жауапкершілік тек халықаралық рейстерге ғана қолданылатын. Прокуратураның ұсынысы бойынша Парламент Мәжілісі Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізу мәселесін қарап, жауапкершілікті ішкі рейстерге де қолдануды мақұлдады», – делінген Бас көлік прокуратурасының жауабында.
Енді ішкі рейстерде жолаушыларды, багаж бен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Жаңа нормаға сәйкес, әуе тасымалдаушы 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін.
Ведомство қабылданған шаралар әуе компанияларының қызметін бақылауды күшейтіп, жолаушылардың құқықтарын қорғауға, билет нормасынан артық сатылым салдарынан ұшаққа отырғызудан бас тарту жағдайларын жоюға мүмкіндік беретінін атап өткен.
Егер алда-жалда овербукинг құрбаны болып қалсаңыз, мына материалмен танысып шығуға кеңес береміз.