
Инновациялық технологиялар паркінің басқарушы директоры Дания Ахметова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте жасанды зерде дағдыларын үйрету бойынша жоспар туралы айтып берді.
Оның сөзінше, 5 жыл ішінде 500 мың оқушыны, 300 мың студентті, 90 мың мемлекеттік қызметшіні, 80 мың бизнес өкілін және басқа салалардан мыңдаған азаматты ЖИ-мен жұмыс істеуге үйрету жоспарланып отыр.
«Мақсат – жай қолданып қана қоймай, технология жасап, оны қолдануға дайын ұрпақ қалыптастыру», – деді спикер конференцияда.
Оның мәліметінше, биыл күзде Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған TUMO инновациялық білім беру орталығы ашылады. Онда балалар анимация, бағдарламалау, 3D графика, генеративті жасанды интеллект және басқа да бағыттар бойынша тегін білім алады.
Жастар мен студенттер үшін 2024 жылы peer-to-peer Tomorrow School моделі бойынша алғашқы ЖИ мектебі ашылған. Онда тәжірибеге, топтық жұмысқа және сыни ойлауды дамытуға баса назар аударылады.
«Бағдарлама тегін және екі жылға созылады. Іріктеуден өткен Қазақстан Республикасының кез келген азаматы оқуға түсе алады», – деп нақтылады Дания Ахметова.
AI Qyzmet бағдарламасы мемлекеттік қызметшілер мен басқарушыларға арналған. Сондай-ақ білім беру бастамаларының ішінде QazCoders, Decentrathon мультилокациялық хакатон, «Деректерді талдау негіздері және Python», «ЖИ негіздері: ChatGPT», «AI People» бар.
Ғалымдар бүгінде әр салаға дендеп еніп жатқан ЖИ-дің болашақтағы қамту саласы мен аясы өте кең болатынын айтады.