Қазақстан АҚШ-қа жауап ретінде баж салығын көтере ме

Қазақстан АҚШ-қа жауап ретінде баж салығын көтермейді. Бұл туралы Сенат кулуарында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова мәлімдеді.
Өйткені АҚШ-тың баж салығы Қазақстанның Америкаға экспорттайтын тауарларының небәрі 5%-ына ғана әсер етеді. Қалған бөлігін қамтыған жоқ.
«Осы 5%-ға кедендік баж салығы 10% деңгейінде белгіленген. Әрине, бұл 92 миллион доллар біз үшін маңызды, бірақ экспорттың негізгі бөлігі ашық күйінде қалып отыр», — деді вице-министр.
Одан бөлек, АҚШ-тан әкелінетін импорттық тауарларға баж салығын өзгерту үшін Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіретін бүкіл елдің келісімі қажет. Алайда қазіргі уақытта бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ.
«Қазақстанның импорттық кедендік баж салығын біржақты өзгертуі мүмкін емес, өйткені біз Еуразиялық экономикалық одаққа кіреміз. Біздің белгілі бір міндеттемелеріміз бар және бес мемлекетке ортақ кедендік тариф қолданылады. Яғни, егер қандай да бір баж салығы өзгеретін болса, ол бес елдің бірлескен шешімімен ғана жүзеге асады. Қазіргі таңда мұндай мәселе қарастырылып жатқан жоқ», – деді Күшікова
Есесіне вице-министрдің айтуынша, Қазақстан жаңа тарифтерге байланысты АҚШ-пен келіссөз жүргізуге дайындалып жатыр. Келіссөз АҚШ-та өтуі мүмкін.
«Тарифтерге қатысты жағдайды ескере отырып, барлық ел кеңес өткізуге мүдделі. Біз де солардың қатарындамыз», – деді ол.
Сәуірдің басында АҚШ екі жүзге тарта мемлекетке жаңа сауда баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Бұл тізімге Қазақстан да кірген. Ақ үй жариялаған кестеде Қазақстан үшін белгіленген тариф мөлшері 27%-ды құрады. Бұл – Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.
Іле-шала Сауда минитсрлігі ресми ақпарат таратып, бұл салық Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың 92 пайызына қатысы жоқ деді. Өйткені республикадан Америкаға негізінен шикі мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа және басқа да тауар экспортталады. Ал қосымша салық фосфор, феросилиций, линзалар, бидай глютені, аммоний нитраты секілді тауарларға салынады.