2024 жылы «Самұрық-Энергоның» таза пайдасы мен қарызы артқан

«Самұрық-Энерго» АҚ 2024 жылғы қаржы есебін жариялады. Құжатқа сәйкес, компания былтыр таза пайдасын екі есе арттырған. 2023 жылы компания 57,4 млрд теңге таза пайда тапса, былтырғы таза пайдасы 112,9 млрд теңгеге жетті. Таза пайдадан 20,6 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеуді жоспарлап отыр.
2024 жылы компанияның сатылым көлемі 573,5 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 23%-ға өсті. Бұл – ішкі нарықтағы электр энергиясына деген сұраныстың өсуімен, сондай-ақ өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану нәтижесінде орын алды.
Компанияның экономикалық тиімділігін сипаттайтын негізгі көрсеткіштер де айтарлықтай жақсарды. Активтер табыстылығы (ROA) 7,99%-ды, меншікті капиталдың табыстылығы (ROE) 14,62%-ды, ал сатылым тиімділігі (ROS) 19,7%-ды құрады.
Қандай активтерді басқарады
«Самұрық-Энерго» – Қазақстандағы ең ірі электр энергетикалық холдингтердің бірі. Оның құрамына бірнеше стратегиялық маңызды өндірістік нысан кіреді. Атап айтқанда, Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2, сондай-ақ Екібастұз көмір бассейніндегі «Богатырь Көмір» кәсіпорны топқа тиесілі.
Бұған қоса, Алматыдағы жылу электр станциялары – ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 және Қапшағай СЭС-і, сондай-ақ Алматы мен Алматы облысында электр энергиясын тарататын «Алатау Жарық Компаниясы» да осы топ құрамында.
Сонымен қатар Ерейментау қаласындағы жел электр станциясы – «Ereymentau Wind Power» да топқа енеді. Жасыл энергетика бағыты бойынша «Qazaq Green Power PLC» еншілес компаниясы арқылы Түркістан облысындағы Шардара СЭС, Алматы облысындағы Мойнақ СЭС, Абай облысындағы Шүлбі СЭС, Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен СЭС-тері де холдинг құрамында.
Ақмола облысындағы күн және жел электр станциялары, сондай-ақ Алматы облысында орналасқан үш СЭС пен ЖЭС – «Samruk-Green Energy»-ге қарайды.
«Самұрық-Энерго» компаниясы «Самұрық-Қазына» қорымен тең үлесте Семей Энерго, Өскемен Энерго және Көкшетау ЖЭО жобаларына қатысады. Бұл жобаларда ресейлік «ИнтерРАО» компаниясы жаңа көмірмен жұмыс істейтін станциялар салатын болады.
Қаржы жүктемесі артты
2024 жылы топтың жалпы міндеттемелері 41%-ға өсіп, 641 млрд теңгеге жетті. Бұл өсім, ең алдымен, борыш көлемінің артуымен байланысты. Мәселен, компания алған несие көлемі бір жыл ішінде 38%-ға өсіп, 373 млрд теңгені құрады. 2024 жылы топ жаңа жобаларды қолдау үшін бірқатар қарыз құралдарын тартты.
Алдымен «Самұрық-Энерго» АХҚО-да (AIX) бес жыл мерзімге 34,7 млрд теңгеге облигациялар шығарып, оларды Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне 1 пайыз қосылған сыйақы мөлшерлемесімен орналастырды.
Сонымен қатар «Алматы электростанциялары» компаниясы Еуропа Қайта құру және Даму Банкінен (ЕҚДБ) 44,1 млрд теңге және Азия Даму Банкінен (АДБ) 15 млрд теңге көлемінде қаржы тартты. Ал Екібастұз ГРЭС-1 кәсіпорны «Халық банктен» 54,4 млрд теңге несие алды.
Ресей Қазақстанның үш ірі қаласында жаңа жылу-электр станциясын салып беретіні белгілі. Жылу орталықтары Өскемен, Семей және Көкшетау қаласында бой көтермек. Бұл ЖЭО-ларды Ресейдің «Интер РАО – Экспорт» компаниясы салады. Тапсырыс беруші – «Самұрық-Энерго» компаниясы. Сондықтан бұл нысандар Қазақстанның меншігінде болады.