
Astana Hub резиденті, жасанды интеллект саласындағы қазақстандық стартап SHAI өзбекстандық AVO банкінің негізгі иесі, кәсіпкер және инвестор Руслан Әділбаевтан 1 млрд доллар инвестиция тартты. Бұл туралы Astana Hub хабарлады.
Тартылған қаржы SHAI өнімін әрі қарай дамыту, озық технологияларды енгізу және жаңа халықаралық нарықтарға шығуға бағытталмақ.
SHAI дегеніміз не?
SHAI — компанияларға өздерінің жасанды интеллект агенттері мен цифрлық көмекшілерін жасауға мүмкіндік беретін платформа. Бұл шешімдер бизнес процестерді автоматтандыру, күнделікті жұмысты жеделдету, қателер санын азайту, деректер қауіпсіздігін арттыру және корпоративтік ақпараттың сыртқа шығу қаупін төмендетуге көмектеседі.
2024 жылдың соңынан бері SHAI Қазақстанда және шетелде мемлекеттік сектор, өнеркәсіп пен білім беру салаларында 10-нан астам жобаны жүзеге асырған.
Халықаралық серіктестік
2025 жылдың 9 сәуірінде SHAI британдық Galvani Bioelectronics Limited компаниясымен серіктестік келісімге қол қойды. Galvani – Alphabet (Google компаниясының бас ұйымы) және фармацевтикалық алпауыт GSK арасындағы бірлескен кәсіпорын. Бұл келісім SHAI-дың Ұлыбритания мен АҚШ нарығына ресми түрде шыққанын
Инвестор туралы
Руслан Әділбаев – қазақстандық кәсіпкер, Elidi Securities Ltd инвестициялық-брокерлік компаниясының негізін қалаушы және иесі. 2023 жылы бұл компания 29,6 млрд доллар айналым жасаған. Сол жылы ол өзбекстандық AVO Bank-ті сатып алып, банк қызметтерін цифрландыру арқылы 6 ай ішінде 900 мыңнан астам клиент тартуға қол жеткізді.
Бұған дейін тағы бір қазақстандық стартап Meet The Drapers шоуының финалына өтіп, 1 млн долларға таласып жатқанын жазғанбыз.