
Қазақстан ел аумағындағы пайдалы кен орындарының бағасын көтерді. Енді Астана 5 мыңнан аса кенішті шетел инвесторларына 46 трлн долларға ұсынып отыр. Вице-премьер, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу осылай деп мәлімдеді.
Бұған дейін билік сирек кездесетін және басқа да металдар кен орындарын 40 трлн долларға ұсынған.
Министр Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесіне (ШАМЫК) кіретін елдерді Қазақстандағы кен орындарын игеруге шақырды. Ұйымға Бахрейн, Қатар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман және Сауд Арабиясы мүше.
«Қазақстанда жалпы құны 46 трлн АҚШ долларынан асатын 5 мыңнан астам кен орны бар. Біз ШАМЫК елдерінен серіктестерді барлаудан бастап өңдеу мен инновациялық шешімдерді енгізуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз», – деді Нұртілеу. Мәліметті СІМ баспасөз қызметі таратты.
Биыл наурызда «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Ренат Бектұров Канадаға сапары барысында Қазақстандағы пайдалы қазбалар қорын 40 трлн долларға бағалаған. Топ-менеджердің пікірінше, канадалық компаниялар да оларды игеруге үлес қоса алады.
Оның алдында Қанат Шарлапаев, өнеркәсіп министрі болып тұрған уақытта, елдегі сирек кездесетін металдар кен орнын АҚШ, Еуроодақ және Қытайдың компаниялары игеруі мүмкін екенін айтқан.
Кейінгі уақытта әлем елдері сирек кездесетін металдарды көбірек игеруге ден қойды. Себебі мұндай элементтер озық технология, қорғаныс, атом энергетикасы салаларында жиі қолданылады.
Kursiv.Media қазір АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысында Бейжіңнің қаруына айналған сирек кездесетін металдарға шолу жасаған.