Lifestyle

Африкалық жеңіл атлеттер Нора Джеруто мен Дейзи Джепкемей Қазақстан атынан өнер көрсете береді

Кениядан шыққан танымал жеңіл атлеттер – Нора Джеруто мен Дейзи Джепкемей 2025 жылы да Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсететін болды. Бұл туралы Жеңіл атлетика федерациясы хабарлады.

Африкалық спортшылар Қазақстан азаматтығын осыдан жеті жыл бұрын алған. Қазіргі уақытта қос спортшы 2025 жылғы жаңа маусымға дайындықты Кенияда жүргізіп жатыр. Екеуі де Қазақстанның жеңіл атлетикадан ұлттық құрамасының тізіміне енген.

2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарына жолдама алған жеті қазақстандық жеңіл атлеттің арасында Джеруто мен Джепкемей ең үздік нәтижелер көрсеткен.
Мәселен, Дейзи Джепкемей 2024 жылдың мамырында АҚШ-тың Юджин қаласында өткен жарыста 10 000 метрге жүгіруде Азияның маусымдағы ең үздік нәтижесін тіркеген – 30 минут 52,43 секунд.

Ал 3000 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруде Джепкемей мен Джеруто – Азияда 2024 жылғы екінші және үшінші көрсеткішке ие: 9:08.97 және 9:21.75.

Айта кетейік, 2017 жылдың күзінде Кениядан шыққан төрт спортшыны (үш әйел, бір ер) Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы алғашқы ақпараттар тараған. 2018 жылдың желтоқсанында ресми түрде Қазақстан азаматтығы беріліп, барлық халықаралық ережелер сақталған соң, еліміздің атынан жарыстарға қатысуға мүмкіндік алды.

Осылайша, 2025 жыл – Нора Джеруто мен Дейзи Джепкемейдің Қазақстан сапында спорттық мансаптарын жалғастырып келе жатқанына жетінші жыл болмақ.

Еске сала кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік спортшыларға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейтін заңға қол қойған еді.