Freedom QJ League чемпиондарына 100 млн теңгеге дейін қолдау көрсетеді

Жарияланды 17 Сәуір 2025 16:04

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Freedom QJ League
Фото: Freedom QJ League

Freedom QJ League – Қазақстандағы жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған беделді турнир – өз чемпиондарына халықаралық аренада қолдау көрсетуге дайын.

Лиганың басты додасында жеңіске жеткен команда ел атынан УЕФА-ның жасөспірімдер лигасына (Youth League) қатысу құқығын алады. Бұл турнир – ересектер арасындағы Чемпиондар лигасының баламасы, мұнда әр елдің үздік командалары бақ сынайды.

УЕФА Жасөспірімдер лигасының форматы екі жолмен өтеді: алғашқысы – ересектер арасындағы ЛЧ-ның қатысушыларына сәйкес келетін жасөспірімдер командалары, ал екіншісіне – әр елдің U-18 чемпиондары қатысады. Қазақстан атынан бұл мәртебеге Freedom QJ League жеңімпаздары ие.

Осы халықаралық жарыста ел намысын абыроймен қорғау үшін Лига арнайы қаржылай қолдау бағдарламасын іске қосты. Жасөспірімдер лигасында өнер көрсететін қазақстандық клубтар әр кезеңге қатысқаны үшін 12,5 млн теңгеден ала алады. Бұл қаражат тек нақты мақсаттарға – сырт алаңдағы матчтар кезіндегі логистика мен тұрмыстық жағдайды жақсартуға, өз алаңындағы ойындарда жанкүйерлерге арналған іс-шаралар ұйымдастыруға және командалық қызметкерлерге мотивациялық сыйақы төлеуге жұмсалуы тиіс.

Жалпы алғанда, Қазақстан чемпиондары бұл турнирде 8 кезеңге дейін ойнай алады (соның ішінде финал да бар). Демек, максималды сома 100 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Қаржылай қолдауға ие болу үшін клубтар белгілі бір жарнамалық шарттарды орындауы тиіс. Олар: УЕФА турниріндегі форманың брендтелуі, үйдегі ойындар өтетін стадионның рәсімделуі және матчтардың YouTube желісінде сапалы тікелей эфирде таралуы.

Бұл бағдарлама Freedom QJ League-тің негізгі стратегиясына сай: қатысушылардың шығындарын азайтып, үнемделген қаржыны футбол орталықтарын дамытуға бағыттауға көмектеседі. Осылайша, Лига сапа стандарттарын арттырып қана қоймай, клубтарға ауыртпалық салмайды.

Сондай-ақ оқыңыз