
Банктердің мобильді қосымшалары енді смартфон микрофоны қосулы тұрған кезде бұғатталатын болады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатында жазылған.
Құжат қаржылық қызметтердің ақпараттық қауіпсіздігін арттыру мақсатында әзірленген. Қаулы алаяқтардың заңсыз әрекетіне тосқауыл болуды көздейді. Оған сәйкес, бұрын тіркелмеген мобильді құрылғыда банктердің мобильді қосымшасында клиентті аутентификациялау тәртібі енгізіледі.
«Сондай-ақ микрофон қосылған кезде мобильді банкингті бұғаттау бойынша қосымша талап енгізу арқылы клиенттік деректерді қорғау деңгейін арттыру көзделген», – делінген құжатта.
Сонымен бірге құжатта банктің инфрақұрылымы жұмыс істемей қалғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы уәкілетті органды хабардар етудің баламалы тәсілін енгізу мәселесі де қамтылған.