Ұлытау даласында киік өлексесі тау-тау болып үйіліп жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Киік
Ұлытауда киік өлекселері тау-тау болып үйіліп жатыр / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ұлытау облысында киік санын азайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Киік өлекселерінің тау-тау болып жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Журналист Михаил Козачковтың телеграм арнасына келген видеода киіктерді мотоцикл мінген адамдардың үйірінен бөліп алып, арнайы дайындалған торға қамағаны бейнеленген. Қоршаудан қашып шығуға әрекеттенген ақбөкендер мүйізімен, аяғымен торға шырмалып қалып жатнын көруге болады. Дәл осы кезде қолына пышақ ұстаған адам әлгі жануарларды шетінен бауыздайды.

Ал екінші видеода ақбөкендердің денесі КАМАЗ көлігіне тиеліп, тау-тау болып үйіліп жатқан киіктердің маңына жеткізіліп төгіліп жатыр. Бұл Ұлытау облысында жаппай қырылған киіктердің өлексесі болуы керек. Экология министрі Ұлытауда 15 мың бас жануардың қырылғанын айтқан болатын.

Билік неге киікпен алысып кетті?

Айта кетсек, билік киік санын қысқарту мәселесін 2023 жылдан бері көтеріп келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктердің көптігінен шаруалардың қиналып жатқанын мәлімдеді. Сол жылы ауыл шаруашылығына келтірілген шығын 12 млрд теңгені құрағаны айтылған.

Жалпы киікті атуға 1999 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта тыйым салынды. Бұл аралықта 300 мың бас киік саны 2,6 млн-ға жеткен. Биоценология және аң шаруашылығы зертханасының меңгерушісі Константин Плахов мұндай көлемдегі жабайы жануарларлардың шөлейттену мен малдың жойылуы, суару орындарының жоғалуы, эпизоотиялардың пайда болуы сияқты экологиялық тәуекелдерді арттыратын айтып, киік санын азайту ең дұрыс шешім екенін жеткізді.

Ал биылғы мамыр айындағы санақта олардың саны 4 млн басқа жеткені анықталған. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты. Үкімет сағатынан кейінгі брифингте министр жалпы киіктерді ату мәселесі күн түртібінен түспейтінін жеткізді.

Үкімет киік санын қандай тәсілмен азайтады?

Үкімет алғашқыда киік санын азайту «қарал» тәсілі арқылы жүргізілетінін мәлімдеді. Министрліктегілер «қарал» тәсілімен киік санын азайту процесі тордан қоршаулар жасап, қамап алып, содан кейін еті мен терісін, мүйізін тұрақты пайдалану жолымен азайту арқылы жүргізілуі тиіс болған. Сондай-ақ осыншама көп киіктің еті мен терісін өңделетінін, етінен консерві әзірленетіні айтылған еді.

Ал құнды саналатын киік мүйізін CITES конвенциясына сәйкес экспорттауға заңмен тыйым салынған. Өлтірілген киіктердің мүйізі экспортқа рұқсат берілгенге дейін арнайы кәсіпорындарда сақталатыны туралы хабарланды.

Алайда бұл жоспар орындалмады. Киіктерді қарал тәсілімен азайту мүмкін болмай, атуға рұқсат берілді. Ал уәде етілген тері мен ет консервісін әзірлейтін зауыттар туралы еш ақпарат шықпады.

Киік ату және су тасқыны

Киік қазақ халқы үшін киелі жануар саналады. 2024 жылдың көктеміндегі су тасқынын әлеуметтік желідегі көпшілік киік наласымен байланыстырды.

Қарал тәсілімен азайту мүмкін болмаған соң, Экология министрлігі киіктерді атуға рұқсат берді. Бұдан соң, киік атуға рұқсат қағазы 4200 теңгеден сатылып жатқаны туралы ақпарат тарады. Ерлан Нысанбаев ауа райының қолайсыздығына байланысты киіктерді атуға рұқсат берілгенін айтты.

Киік атуға рұқсат етілген соң, оның мүйізін шекарадан өткізу фактілері жиілей түсті. Мәселен, 2024 жылдың наурызында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері 1382 бас киіктің мүйізін шекарадан өткізбек болған үш азаматты құрықтады. 2024 жылдың ақпанында Орал тұрғынынан 600 бас киіктің мүйізін тәркіледі. Павлодар облысының тұрғыны 2 млрд теңге болатын киік мүйізін ұрлаған.

Киіктерді жаппай қыруға рұқсат берілген соң, қазақ даласын су ала бастады. 2024 жылдың көктемі ел үшін аса ауыр болды. Елдімекендерді су алып, халық баспанасынан айырылды. 2024 жылдың 16 сәуірі күні Тобыл қаласындағы эвакуациялық елдімекенге барып, халықпен кездескен Тоқаев киіктерді атуға рұқсат беретін құжаттың күшін жоятынын мәлімдеді.

«Кейбір адамдар киіктерді атуға болмайды дейді. Расында солай шығар. Мен бұрын киіктерді атуға қарсы болғанмын. Киіктерді атуға тыйым салатын болдық, осындай шешім қабылдадым, – деді Тоқаев тұрғындармен кездесу кезінде.

Әлеуметтік желіде су басқан өңірлерді көрген көпшілік билік шешімі қате болғанын айтып, киіктің киесі ұрғанын жарыса жазды. Ал осы жолы қалай болар екен?!

Сондай-ақ оқыңыз