
Бүгін, 17 сәуір күні, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблясында ауыс-түйіс жасады. Төраға орынбасарлары ретінде тағайындалғандар мен қызметінен босаған ассамблея мүшелерінің бұрын қандай қызмет атқарғанын Kursiv.Media редакциясы анықтады.
Жаңадан тағайындалғандар
Ассамблея төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орынбасары болып тағайындалған Расул Ахметов түрік этносының «Ахыска» этномәдени орталығын басқарады. Ассамблея мүшесі. Аталмыш орталық 1991 жылы Алматыда құрылған. Ал Астанадағы бөлімше 2007 жылдан бері жұмыс істейді.
Ал екінші орынбасар ретінде тағайындалған Дмитрий Останькович композитор әрі педагог. Ассамбеля мүшесі болған ол «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының» Астана қаласындағы филиалын басқарған. Композитор ретінде түрлі симфониялық, вокалдық, инструменталдық туындыларды жарыққа шығарған. Останькович 2023 жылдан бастап, «Родны кут» беларусь мәдени орталықтарының республикалық қауымдастығын басқарады.
Лугмар Буларов
Төраға орынбасары қызметінен босаған Лугмар Буларов Қазақстан Халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары болып 2024 жылдың 24 сәуірінде тағайындалған. Ұлты – дүнген. Қызметтік жолын Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы «Коммунистический» колхозында автослесарь қызметінен бастаған. 1986-2000 жылдар аралығында көлік саласына қатысты Иссык-Ата автокөлік кәсіпорнында басшылық қызметтер атқарған.
2000 жылдардан бастап басқа салаға ауысып, түрлі жекеменшік компаниялардың басшысы ретінде қызметтер атқарған. Әр жылдары «Ақ марал Көмір», «Луми ЛТД» компанияларын басқарған. Бұдан бөлек Жамбыл облысы бойынша «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтары Қауымдастығы мен «Қазақстанның дүнген республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бақылау кеңесіне төрағалық еткен.
Буларов әлі күнге дейін «BL Group 2030» ЖШС-ны басқарады. Сонымен бірге бұл тұлғаның грамоталмары өте көп. Олардың тізімімен Ассамблея сайтынан танысуға болады.
Юрий Шин
Юрий Шиннің ұлты – корей. 1986 жылы 22 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Осы қаладағы Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында оқып, «Қаржы» мамандығы бойынша диплом алған. Сонымен бірге Алматы қаласы мәслихатының депутаты болған. Шин «Қазақстан химия зауыты» ЖШС-ның құрылтайшысы. Қазіргі таңда Алматы облысында жаңадан құрылған Алатау қаласын салу жобасына қатысып жатыр. Бұдан бөлек «Қазақстан корейлер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланған. Өз қызметінде Шин Корея Республикасынан Қазақстан экономикасына инвестициялар тартуға белсенді атсалысады.
Ассамблея мүшелігінде атқарған қызметі үшін «Құрмет» орденімен және басқа да мерейтойлық және басқа да медальдармен марапатталған.