Жаңалықтар

Ақмола облысында Қалқұтан өзені арнасынан шығып, бір ауыл жарықсыз қалды

Су тасқынына дайындық
Қалқұтан өзенінің тасып кетуіне байланысты Ягодное ауылы жарықсыз қалған / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ақмола облысында Қалқұтан өзені тасып, салдарынан Ягодное ауылы жарықсыз қалған. ТЖМ қызметкерлерінің электр желілерін қалпына келтіргенін министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ақмола облысының Астрахан ауданында Қалқұтан өзені тасығаннан кейін электр беру желісінің екі бағанасы құлап, Ягодное ауылы электр қуатынсыз қалды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Апат орнынан Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел-құтқару жасағының қызметкерлері келген. Құтқарушылар электр мамандарының көмегімен құлаған электр желілерінің бағанасын қалпына келтірген.

ТЖМ қызметкерлері бұл жұмыстарды жүзу құралының көмегімен жүргізген. Нәтижесінде құтқарушылар мен электр инженерлерінің арқасында ауылға жарық берілген.

Еске сала кетсек, Ақмола облысының  Бұланды ауданына қарасты Ивановка ауылын су басқан болатын. Тасқынға байланысты осы ауылдан және жақын маңдағы елдімекендерден жүздеген адам эвакуацияланды.

Сонымен бірге су тасқынына байланысты Ақмол облысының жолдарын су шайып, салдарынан көлік жүргізушісі қаза тапты.