Қазақстан Конституциясы қандай өзгерістерге ұшырады?

Қазақстан Конституциясы екі мәрте өзгерді. Алғашқысы 1993 жылы қабылданған еді. Бірақ оның ғұмыры ұзаққа бармады.
1995 жылы 30 тамызда референдум арқылы қазіргі қолданыстағы Ата заң қабылданды. Сол жылғы 5 қыркүйектен бастап күшіне енді.
Екі нұсқаның қайсысы жақсы?
Жалпы, Конституция дегеніміз – мемлекет құрылысының негізін бекітетін құжат. Мемлекет тетіктері, саяси институттар айқындалады. Жалпы, адам мен азаматтың мәртебесі, құқықтары мен бостандықтары көрсетіледі.
Қазақстанда бұл екі Конституцияның нұсқасы соңғы кездері жиі талқыланып жүр. Саясаттанушылар алғашқы нұсқасын парламенттік республикаға, екіншісін президенттің билікке жатқызады.
«1993 жылғы Конституция парламенттік республиканың конституциясы болды. Оны дайындауға ықпал еткен – ҚазКСР Жоғары кеңесінің төрағасы болған Серікболсын Әбділдин еді», – дейді саясаттанушы Сайын Борбасов.
«Атқарушы билік парламентке есеп берді»
Оның пікірінше, алғашқы Конституция бойынша, Қазақстанда биліктің үш тармағы бөлініп, өкімет – атқарушы билік парламентке есеп беретін. Президенттің билігі шектеулі болды. Президенттің өзі парламент алдында есеп беретін.
«1993 жылғы нұсқасы әлемдік демократиялық үрдістерді, тәжірибені жинақтаған Конституция болды. Демократияның негізгі қағидаттары қамтылды. Алайда, 1995 жылғы Конституция вертикалды президенттің билікті күшейтіп жіберді. Президент деген жеке тармақ енді. Президентке ешқандай шектеу қойылмайды», – дейді Сайын Борбасов.
«Демократиялық институттар болмады»
Десе де, саясаткер Дос Көшім бұл пікірмен мүлде келіспейді. Оның пікірінше, алғашқы Конституцияның да кемшіліктері аз емес.
«1993 жылғы конституцияны бәрі мақтай береді. Бірақ оның да екі үлкен кілтипан болды. Біріншіден, оны жиналып жасаған – коммунистік партияның басшылары. Сондықтан, «тамаша конституция» деп ойламауымыз керек», – дейді ол.
Дос Көшімнің айтуынша, 30 жыл уақыт ішінде қоғам өзгерген. Сондықтан 1993 жылға қайтып оралудың қажеті жоқ.
«Екі конституцияны салыстырып, талдау жасауға талпынып көрдім. Маған ұнамады. Ұлттық мәселе шешілмеген. Демократиялық институттар да жоқ. Бір ғана артықшылығы, парламенттің билігі басым», – дейді саясаткер.
Ата заңдағы басты қағидаттар
Қазіргі Ата заң бойынша, Қазақстан зайырлы, құқықтық, демократиялық әрі әлеуметтік мемлекет. Адам ең қымбат қазына деп көрсетілген. Сондықтан адам өмірі, бостандығы, құқығы жоғары тұруы тиіс. Пікір алуандылығын таниды. Аумақтық жағынан біртұтас, унитарлы мемлекет. Билік бастауы – халық. Мемлекеттік тіл біреу ғана – қазақ тілі. Мемлекеттік мекемелерде орыс тілі қатар қолданылады.
Енгізілген негізгі өзгерістер
Десе де, 1995 жылғы Қазақстан Конституциясы да бастапқы қалпын сақтап қалмады. Бірнеше мәрте өзгеріс енгізілді. Бұған енді жылдар бойынша тоқтала кетейік.
1998 жыл
Президенттің өкілеттігі 5 жылдан 7 жылға ұзартылды. Президенттікке үміткердің жасы 40-тан төмен болмауы керек деген талап енгізілді. Сонымен қатар, 65 жастан аспау талабы алынып тасталды. Мәжіліс депутаттарының саны 67-ден 77-ге артты. Парламенттің өкілеттік мерзімі 4 жыл деген шектеу жойылды. Парламентке Конституцияға өзгеріс енгізу құқығы берілді (5/4 дауыспен).
2007 жыл
Президент қайтадан 5 жыл мерзімге сайланатын болды. Бір адам қатарынан екі реттен артық президент бола алмайды, бірақ «бұл шектеу Тұңғыш Президентке қолданылмайды» деп жазылды. Парламент Мәжілісі 107 депутаттан тұратын болды. Президент енді саяси партияға мүше бола береді.
Президент сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін өзі тағайындайды.
2011 жыл
Президенттің кезектен тыс сайлауын өзі тағайындайтыны жөнінде тармақ қосылды.
2017 жыл
Президенттің бірқатар өкілеттігі Үкімет пен Парламентке қайта бөлінді.
Үкімет тек президентке емес, Парламент алдында да жауапты болды. Конституциялық Кеңес президент қол қоймас бұрын заңның сәйкестігін қарайды.
2022 жыл
Конституцияға 56 өзгеріс енгізілді. Президентке бір мерзімге ғана сайлануға рұқсат етілді. Бұл норма өзгермейтін болды. Президенттің жақын туыстарына жоғары лауазымдар атқаруға тыйым салынды. Президент саяси партияда бола алмайды.
Парламент Мәжілісі аралас жүйемен сайланады. Мәжіліс депутаттарының саны 107-ден 98-ге қысқарды. Сенаттағы президенттік квота азайды. Қазақстан халқы ассамблеясы квотасы жойылды.
Тұңғыш президенттің ерекше мәртебесі алынып тасталды. Президенттің өкілеттігі қайтадан 7 жыл болып белгіленді. Тек бір мерзімге ғана сайланатыны нақтыланды.
Конституциялық сот төрелік туралы заңнаманы жетілдіруді ұсынды.