Бес парыздың бірі: қажылық кімдерге парыз

Жарияланды 17 Сәуір 2025 10:55

Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Бес парыздың бірі. Қажылық кімдерге парыз?
Қажылық кімдерге парыз? / Фото: Shuttertsock

Мұсылмандар үшін бес парыздың бірі саналатын үлкен қажылық маусымы жақындап келеді. 18 сәуір күні қажылық визасын рәсімдеу аяқталады. Қазір Меккеде кіші қажылық өтеп жүргендердің соңғы легі жүр. Бірер күннен соң, үлкен қажылыққа дайындық үшін қала жабылады. Осыған байланысты Kursiv.Media қажылыққа қатысты басты сұрақтарға жауап дайындады. 

Үлкен қажылық

Қажылық сөзі араб тілінде «құрметті орынды зиярат ету», шариғаттағы мағынасы бойынша бұл белгіленген арнайы орынға белгіленген уақытта, белгіленген амалдарды орындау арқылы зиярат ету.

Қажылықтың мерзімі – мұсылман күнтізбесіндегі он екінші ай, яғни «Зүл-хижжа» («Қажылық айы») айы. 

Үлкен қажылық – Исламның бес парызының бірі. Бұл амалдар жиынтығы Зүлхижжа айының белгілі күндерінде орындалады. Қажылықтың барлық амалы мұсылмандардың сенімін нығайтуға, тәубе етуге және Алланың еркіне толық мойынсынуға бағытталған. 

Қажылық мұсылман үмбетінің бірлігін және Алла алдында барлық адамның тең екенін көрсетеді. Өйткені қажылар ихрам деп аталатын қарапайым ақ киімді киіп, дүние істерінен бас тартады.

Үлкен қажылықтың негізгі амалдары

  • Ихрамға ену

Қажылықтың алғашқы және ең маңызды кезеңі – ихрам халіне ену. Бұл рухани тазалық күйі болып есептеледі және ғұсыл, яғни бой дәретін алу және қажылықты орындау ниетін айтудан басталады. Осыдан соң қажылар арнайы киімдерін киеді. Ерлер ақ түсті арнайы екі бөлік мата кисе, әйелдер күнделікті киетін киімдерін киеді, бастысы әурет саналатын дене бөлігінің бәрі жабық болуы керек, әйелдердің беті мен қолдары ашық қалады.

Ихрам халіне енгеннен кейін, қажылық парызын өтегенге дейін қажыларға шаштарын қиюға, иіс су қолдануға, дауласуға және агрессия көрсетуге болмайды. 

  • Тауап ету – Қағбаны айналу

Келесі маңызды кезең – Меккеге келіп, Қағбаны айналу (тауап). Қажылар Қағбаны сағат тіліне қарсы жеті рет айналып өтеді және Алланы мадақтап, дұға етеді. 

  • Сағи – Сафа мен Маруа төбелерінің арасындағы жүгіру

Тауапты аяқтағаннан кейін, қажылар Сафа мен Маруа төбелеріне барып, сағи амалын орындайды, яғни екі дөң арасында жүгіріп өтеді. Бұл амал Ибраһим пайғамбардың жұбайы Хажардың тарихымен байланысты. Хажар ұлы Исмаилға су іздеп, осы екі төбенің арасында жүгірген. Оның сабырлығы мен сенімінің арқасында Алла Зәмзәм суын сыйлады, бұл құдық әлі күнге дейін қажыларға судың қайнар көзі. Сағи мұсылмандарға сабырлылықтың мәнін түсіндіреді.

Минаға бару және Арафатқа дайындық

Меккедегі амалдарын өтеп болған соң, қажылар Мина алқабына жол тартады. Бұл шағын алқап Меккенің шығысында орналасқан. Қажылар бұл жерде дұға етіп, қажылықтың шыңы саналатын Арафатқа дайындалады.

Мина алқабында қажылар бірнеше күн бойы шатырда тұрады. Сондықтан «шатырлар қаласы» деп аталады. Мұнда қажылар бар уақытын дұға етуге арнайды. Бұл кезең рухани жаңару мен тазаруға дайындықты бейнелейді.

  • Арафатта тұру

Үлкен қажылықтың ең маңызды кезеңі – Арафатта тұру. Зул-хиджа айының 9-ы күні қажылар Арафат жазығына барып, күндерін дұға етіп, тәубе қылумен өткізеді. Арафат – Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.у.) қоштасу құтпасын оқыған жері және Қиямет күнін бейнелейді.

Арафатта тұру – рухани тазалықтың ең терең сәті. Қажылар бұл күні Алладан барлық күнәлары үшін кешірім сұрайды және рухани толық шоғырлануға ұмтылады. Бұл мұсылмандар үшін барлық күнәлардан тазаруға және жаңа, таза өмір бастауға мүмкіндік беретін маңызды күн.

  • Муздалифадағы түн

Қажылар Муздалифаға барып, түнді ашық аспан астында өткізеді. Бұл жерде де олар дұға етуді жалғастырып, келесі амал – Жамаратқа тас лақтыру үшін ұсақ тастар жинайды. 

  • Жамаратқа тас лақтыру

Келесі күні қажылар Минаға оралып, Жамаратқа тас лақтыру амалын орындайды. Жамарат үш бағаннан тұрады, олар Ибраһим пайғамбарды шайтанның азғыруларынан бас тартқанына символ ретінде қойылған. Қажылар әр бағанға жеті тастан лақтырады, бұл амал күнә мен азғырулармен күресті бейнелейді.

  • Құрбандық шалу

Тас лақтыру амалын аяқтағаннан кейін қажылар мал шалып, құрбандық амалын орындайды. 

Шалынған малдың еті үш бөлікке бөлінеді: бір бөлігі қажылар мен олардың отбасыларына қалады, екінші бөлігі мұқтаждарға таратылады, ал үшінші бөлігі туыстарына беріледі.

  • Қоштасу тауабы

Барлық амалды орындап болған соң қажылар Меккеге оралып, Қағбаны соңғы рет айналып өтетін тауапты орындайды. Бұл соңғы тауап қажылықтың аяқталғанын білдіреді және «Қоштасу тауабы» деп аталады.

Үлкен қажылық кімдерге парыз?

Шариғат бойынша қажылық мұсылманның бес парызына кіреді. Оның ішінде адам бұл сапарға аттану үшін мына талаптарға сай келуі керек:

  • Ақыл-есінің дұрыс болу;
  • Кәмелетке толу;
  • Қажылыққа барып келгенше, бала-шағасына жететін қаражаты болу және қажылық жасауға шамасы жететінін сезіну;
  • Жасаған күнәларын мойындап, тәубеге келу; 
  • Өзін ренжіткен адамды кешіру;
  • Қажылық жасауға ниеттенген адам кететін қаражатына, жол шығынына өкінбеуі керек;  
  • Қажылыққа жұмсалатын ақшаны адал жолмен табу;
  • Жиналған ақшадан зекет салығын төлеу;
  • Садақа беру;
  • Қажылыққа баруына кедергі болмауы (мысалы, түрмеде отырған мұсылмандар қажылық ғибадатын орындауға міндетті емес);
  • Жол тыныштығы болуы керек, яғни қажылыққа аттанған адам да, оның мал-дүниесі де кез келген қауіп-қатерден қорғалған болуға тиіс.

Үлкен қажылық сапарға қанша қаржы кетеді?

Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі 2025 жылғы қажылық маусымы үшін Қазақстанға 10 мың орын бөліп отыр. Осы 10 мың орын Қазақстан мұсылмандары діни басқарасының тексеруінен өткен туроператорларға қаржылық мүмкіндігіне қарай бөлінетін болады. 2025 жылы Қазақстанда қажылық сапарды ұйымдастыруға 15 оператор рұқсат алған. Аталған туроператорлардың парақшаларындағы мәліметке сәйкес, үлкен қажылыққа кемі 6000$ шамасында қаражат қажет болады.

Умраға енді қашан баруға болады?

Қазір туроператорларды үлкен қажылыққа ниет еткен азаматтардың соңғы легін тіркеп жатыр. Тіркеу 18 сәуірде аяқталады. 

Алайда кейбір компаниялар Умра, яғни кіші қажылықты өтегісі келетін азаматтарды жаңа маусымға тіркеуді де бастап кетті. Кіші қажылық үшін Мекке қайтадан шілде айынан бастап ашық болады. 

Меккеде жүргенде не істеуге болмайды?

Мекке қаласына барған қажылар мына амалдардан сақ болғаны дұрыс:

Әл-Харам мешітінде шолақ шалбар (шорты-ред.) киюге болмайды. Шолақ шалбар киген ер адам мешітке кіре алмайды. 200-500 риал (30 000-70 000 теңге) көлемінде айыппұл салынуы да мүмкін.

Көшеде қоқыс тастап, түкіруге болмайды. Мекке билігі көшедегі тазалыққа баса мән береді. Көшеде түкіріп, қоқыс тастайтын болсаңыз, 70 000 теңге айыппұл салынуы мүмкін.

Адам көп жерде, көшеде сезім білдірудің соңы да айыппұлмен аяқталуы мүмкін. Себебі қасиетті жерде құшақтасып, сүйісу сол мекенге құрмет көрсетпеумен тең деп есептеледі. Бұл үшін адам 400 000 мың теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін.

Түсінгеніңіздей, қажылық үлкен рухани дайындықты, қаржылық тұрғыдан аяққа тұруды және діни тұрғыдан сауат ашуды қажет етеді.

Айта кетейік, Сауд Арабия Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігі 2025 жылғы қажылық маусымы үшін Қазақстанға 10 мың қажылық орнын ұсынды. 

Қазақстандықтарды қажылыққа 15 туркомпания апаруға құқылы

Сондай-ақ оқыңыз