«Балам далаға шығудан қалды»: Блогер Дариконға неге бойкот жарияланып жатыр?

Жарияланды 17 Сәуір 2025 16:57

(жаңартылды 18 Сәуір 2025 14:52)
Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматылық келіншек блогер Дариға Нұркееваның(Дарикорн) кесірінен балам буллинге ұшырады деп айыптады. Оның сөзінше, баласы желідегі бір видео үшін мектепке бармай, футбол үйірмесін ауыстыруға мәжбүр болған.

Атышулы видео

Ольга Колузанова есімді келіншектің тоғыз жастағы баласы былтыр тамызда Дариға Нұркееваның видеосына түскен. Дәлірек айтқанда, блогер көшеде кетіп бара жатқан балалардан «ең дәмді тамағың қандай» деп сұрайды. Бала «пицца» деп жауап береді. Бірақ блогер субтитрға басқа бейәдеп сөз жазып, оны өзінің дәмханалар желісінің жарнамасы үшін қолданған. Видео 2 млн рет қаралды.

«Осыдан кейін видеоға түскен баламды мектебінде де, барып жүрген футбол үйірмесінде де буллинг жасай бастады. Мен ол туралы тек екі айдан кейін ғана, қазанда білдім. Балам байбалам салды, мектепке барудан қалды. Өз-өзіне деген сенімі, сабақтағы үлгерімі де төмендеп кетті. Буллинг кесірінен футбол үйірмесін ауыстыруға тура келді. Психолог бұл травма өмір бойы есінде қалады деп отыр», – дейді Ольга.

Дәмханалар желісі және блогердің өзі видео астындағы теріс пікірлерді көре тұра, оны өшірмеді деп айыптайды келіншек. Осыдан кейін Ольга блогердің үстіне сотқа арыз берген. Ол видеоны өшіруді және моральдық өтемақы ретінде 500 мың теңге талап еткен.

Сот мәселені келіншектің пайдасына шешеді. Бірақ блогер кінәсін мойындамай кешірім сұраудан және өтемақы төлеуден бас тартты дейді ол.

Ал Дариға Нұркееваның сөзінше, баланың анасы өтемақы ретінде 500 мың емес 5 млн теңге сұраған. Ол тіпті кешірім сұрағанын, видеоны өшіргенін де айтады. Қазір даулы видеоның өзі парақшада жоқ.

Дарикорнға бойкот па?

Дарикорн – әлеуметтік желіде 1,4 млн оқырманы бар блогер, әнші. Qatty-Tatty дәмханалар желісінің серіктесі. Жеке блогында контенттен бөлек дәмхананың парақшасына түрлі видео түсіреді.

Бұл оқиға инстаграммен қатар Threads желісінде кеңінен талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының кейбірі блогердің кешірім сұрауын талап етеді. Бірі ана ретінде мұндай қылығы дұрыс емес екенін айтқан. Блогерге тиесілі Qatty-Tatty дәмханасына бойкот жариялауға шақырғандар да бар.

Осыған дейін танымал актер Шәріп Серіктің басы дауға қалған еді. Оның құрбысы Әлия Бутеева актердің қол жұмсағанын айтты. Бұл әрекеті үшін Шәріпті бес тәулікке қамауға алды. Көпшілік Әлияға қолдау білдірді. Ал Salem Entertainment өз фильмдеріндегі актер түскен сахналарды өшіріп тастайтынын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз