
Гонконг поштасы АҚШ-қа сәлемдемелер жіберуді тоқтатты. Бұл туралы қала үкіметі ресми мәлімдеді.
Енді Гонконг поштасы (Hongkong Post) АҚШ-қа құрлық және теңіз арқылы жеткізілетін сәлемдемелерді қабылдамайды. Ал 27 сәуірден бастап әуе арқылы жіберілетін пошта жөнелтілімдерін де рәсімдеуді тоқтатады.
«АҚШ ақылға қонымсыз әрекет етіп, қоқан-лоқы жасап, заңсыз баж салығын енгізіп отыр. Hongkong Post АҚШ атынан ешқандай баж салығын өндіріп алмайды», – деп нақтылады Гонконг үкіметі.
Бірақ бұл шектеу барлығына бірдей емес, тек құжаттардан тұратын хат-хабарлар әрі қарай да жеткізіле береді.
Мұндай шараға АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы себеп болып отыр. АҚШ президенті Қытайға қатысты баж салығы 145% деңгейіне дейін көтерді. 2 мамырдан бастап Қытайдан (оның ішінде Гонконгтан) келетін пошта сәлемдемелері үшін баж салығынан босатылған сауда режимін (de minimis) алып тастайтын болды.
Гонконг басшысы Джон Ли Вашингтон енгізіп отырған баж салықтары қысқамерзімде Гонконгқа халықаралық сауда хабы ретінде әсер етсе де, қала еркін порт мәртебесін сақтап қалатынын айтты. Әзірге олар АҚШ импортына қарсы жауап ретінде баж салығын енгізуді жоспарлап отырған жоқ.
Сарапшылар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда текетіресі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті деген пікір айтады. Әзірге екі алпауыт та шегінуге ниетті емес, әрі қарай да бір-біріне жаңа тарифтер арқылы бір-біріне қысым жасап жатыр