
Қазақстан үкіметі Қашаған мұнай-газ кен орнын өндіретін North Caspian Operating Company (NCOC) тобы табыстың 98%-ын өзіне қалдырып отыр деп есептейді. Енді халықаралық арбитраж арқылы осы жағдайды өзгертуге тырысып жатыр. Бұл туралы осы жайлы арнайы материал дайындаған Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумы (ICIJ) жазады.
«Қазақстан үкіметі халықаралық мұнай компаниялары тобы Кашаганның ірі мұнай кен орнынан түскен табысының 98%-ын иеленіп отырғанын мәлімдейді. Бұл туралы ICIJ (Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы) танысқан 160 миллиард долларлық арбитраждық талап бойынша құпия шешімде айтылған. Қазақстан үкіметінің айтуынша, табыс теңсіздігінің мұндай шектен шыққан жағдайы – 1997 жылы ірі халықаралық мұнай корпорациялары мен Кеңес Одағынан енді ғана тәуелсіздігін алған жас Қазақстан Республикасы арасында өнімді бөлу туралы келісімге (СРП) қол қойылуының нәтижесі», – деп жазылған материалда.
2008 жылы келісім қайта қаралды. Бірақ ол кезде де жағдай түзелмеген.
«Алайда тіпті роялти (яғни, басымдықты төлемдер) қосылғаннан кейін де, Қашағаннан түсетін табыстағы Қазақстанның үлесі бар болғаны бірнеше пайызға ғана артты.
Қазақстанның ауқымды талаптары бұл істе қаралып жатқан аралық шешімде тек шет жағалап қана айтылған», – деп қосады зерттеушілер (ICIJ).
Қазақстан үкіметі кімге өкпелі?
«Қазақстан NCOC басшылығын миллиардтаған шығынға ұшыратты деп айыптап отыр. Бұл шығындар – жіберіп алған табыс, жемқорлық және экологиялық заңбұзушылықтармен байланысты», – деп жазылған материалда.
ICIJ-дің мәліметінше, NCOC акционерлерінің бірі Total мен Eni Қазақстанның бұл айыптауларын жария түрде жоққа шығарып, «бұл талап негізсіз» және «біз бірлесіп күресуге ниеттіміз» деп мәлімдеген. Қалған акционерлер әзірге ешқандай пікір білдірмеген. Аралық шешімде NCOC бұл айыппұлды «ақша талап етудің дөрекі әрекеті» деп сипаттайды.
«Бұл арбитраж – Касым-Жомарт Тоқаев әкімшілігінің NCOC-пен қарым-қатынастағы жаңа, қатаң бағытын білдіреді. Бұл шиеленіс бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жылдар бойы жалғасып келген. 2025 жылдың қаңтарында Тоқаев үкіметке халықаралық энергетикалық компаниялармен жасалған қолданыстағы өнімді бөлу туралы келісімдерді «неғұрлым тиімді шарттармен» ұзартуға тапсырма берген . Бұл келісімдерге сәйкес, шетелдік компаниялар күрделі кен орындарын өз қаржысына игереді, алдымен инвестицияларын қайтарады, содан кейін ғана мемлекетпен пайда бөліседі. Кашаган кен орнын игеруге, оның күрделі геологиялық жағдайларын, жоғары қысым мен күкірт мөлшерін ескерсек, кемінде 60 млрд доллар жұмсалған, – деп нақтылайды ICIJ.
Energy Insight & Analytics (EXia) компаниясының бағалауынша, арнайы келісім аясында 2016-2023 жылдар үшін Қазақстан бар болғаны 1,1 млрд доллар алған. Жалпы салық, роялити және мұнай сатқаннан түскен пайданы есептегенде, бюджетке 5,4 млрд доллар құйылған. Ал ICIJ мәліметінше, бұл уақыт аралығында мұнай сатқаннан 55 млрд доллар пайда түсірген. Ал Қашағанды өңдеп, пайдалануға беру үшін 86 млрд доллар кеткен.
«NCOC алатын үлес өте үлкен көрінуі мүмкін, бірақ ол Қазақстан қол қойған келісімшартқа сәйкес келеді. Ескеретін бір жайт — «ҚазМұнайГаз» — NCOC-тің маңызды акционері және ол да табыс алып отыр», – деді мұнай секторын зерттейтін тәуелсіз сарапшы Паоло Сорбелло. Оның сөзінше, Қашаған бойынша арбитраж халықаралық серіктестерді шошытуы мүмкін.
Дауды шешуі керек халықаралық арбитраж деген не?
Халықаралық арбитраж – бұл инвесторлар мен мемлекет арасындағы коммерциялық дауларды шешуге арналған жеке соттар жүйесі. Ол 1960–70-жылдары бірқатар келісімдердің негізінде құрылған және бүгінде дамыушы елдерде кеңінен қолданылады. Арбитраждық процестер құпия түрде өтеді, ал шешімдер тек екі тараптың келісімімен ғана жарияланады. Бұл шешімдер көбіне миллиардтаған доллармен бағаланады.
Аталған материалда ҚР Экология министрлігі мен PSA компаниясы сұрауларға жауап бермегені де айтылған.
«Қазақстан қоғамы Кашаган, Теңіз және Қарашығанақ бойынша келісімдердің құпия күйде қалуына наразы екені анық», – деді Паоло Сорбелло.
NCOC ICIJ-ге берген жауабында, акционерлері «келісімшартқа, ҚР заңдарына және халықаралық стандарттарға сәйкес әрекет етіп отырғанын» айтқанымен, арбитраждың егжей-тегжейін аша алмайтынын мәлімдеген. Inpex, Shell және Total түсініктеме беруден бас тартқан, ал CNPC, ExxonMobil және «ҚазМұнайГаз» жауап бермеген.