Қазақстанның сыртқы сауда көлемі қысқарып жатыр

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында 19,02 млрд долларды құрайды. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,8%-ға төмен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының дерегінде жазылған.
Сыртқы сауда көлемінің төмендеуін сарапшылар экспорттың 12,4%-ға қысқаруымен байланыстырады. Яғни шетелге тасымалдайтын тауар көлемі 10,76 млрд долларға дейін азайған. Ал импорт көлемі 1,1%-ға қысқарып, 8,26 млрд долларды құрады.
Экспорт пен импорттың негізгі бағыттары
Экспорт әлі де шикізаттық тауарларға қатты тәуелді. Жалпы экспорттың ішінде:
- Мұнай мен мұнай өнімдері – 53,4%
- Мыс және мыс қорытпалары – 5,4%
- Мыс кендері – 3,4%
- Ферроқорытпалар – 3,2%
- Бидай – 2,2% үлесті құрайды.
Импорт негізінен тұтынушылық сипатқа ие. Елге ең көп тасымалданатын тауарлар:
- Жеңіл автокөліктер – 3,6%
- Көлік кузовтары – 3%
- Дәрі-дәрмектер – 3%
- Телефон аппараттары – 2,5%
- Газ тәрізді көмірсутектер – 2,3%
«Экспорт көлемінің төмендеуі, шикізатқа тәуелділік, сондай-ақ сауда серіктестерінің географиялық шектеулілігі – Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатында әртараптандыру мен құрылымдық өзгерістердің жоқ екенін көрсетеді», – дейді Economy порталының сарапшысы Лина Егелқызы.
Сарапшылар ЕАЭО елдерімен саудадағы жағдай нашарлай түскенін айтады. 2025 жылдың алғашқы екі айында өзара тауар айналымы 8,5%-ға қысқарып, 3,73 млрд долларды құрады.
Әсіресе, экспорт қатты төмендеді – 19,7%-ға, ал импорт 1,9%-ға ғана қысқарды. Қазақстанның ЕАЭО шеңберінде бір серіктеске тәуелділігі сақталып отыр:
ЕАЭО елдерімен сауда айналымының 90,4%-ы Ресейге тиесілі.
Қырғызстан – 6,2%, Беларусь – 3,3%, Армения – 0,1% үлеске ие.
Экспорттағы негізгі бағыттар:
- Италия – 26,7%
- Қытай – 15%
- Ресей – 9,5%
Импортта көшбасшылар:
- Қытай – 28,8%
- Ресей – 28,5%
- Оңтүстік Корея – 4,7%
- Германия – 4,1%
Қазір үкіметте талқыланып жатқан жаңа Салық Кодексі бекітіліп, салық көтерілсе сыртқы сауда тағы да өзгеріске ұшырауы мүмкін. Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушуковаға қосылған құн салығы көтерілсе, импорттық тауарлар қымбаттауы мүмкін екенін айтты.