Қытайлық компания Жамбылда жүгері зауытын салады

Жамбыл облысында қытайлық Fufeng Group компаниясы жүгеріні терең өңдейтін зауыттың құрылысын бастады. «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба Шу ауданында жүзеге асырылып жатыр.
Бұл зауыт Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі ең ірі жобалардың біріне айналмақ. Жалпы инвестиция көлемі 800 млн долларды құрайды. Жылына 1 млн тонна жүгері өңдейді деп жоспарланған.
Жобаның бірінші кезеңі 2025 жылдың төртінші тоқсанында жүзеге асырылып, зауыт 2026 жылы толық іске қосылады. Жоба лизин, натрий глутаматы, ксантан сағызы және жемдік аминқышқылдары сияқты қосылған құны жоғары өнімдерді өндіруді қамтамасыз етеді. Бұл өнімдердің бағасы бастапқы шикізаттың құнынан 10-15 есе жоғары.
«Қазақстандағы жоба біздің жаһандық стратегиямыздың маңызды бөлігіне айналады. Қытайдағы зауыттар Азия нарығын қамтамасыз етеді, АҚШ-тағы қуаттар Солтүстік және Латын Америкасын қамтамасыз етеді, ал Жамбыл облысындағы болашақ зауыт Еуропаға бағытталады», – деді зауыт туралы Fufeng Group Басқарма Төрағасы Ли Сюэчунь.
Жүгері зауытымен қатар, оның өндірісі үшін қантты крахмал өндіретін зауыт, үш аминқышқылды ашыту зауыты және ағынды суларды тазарту қондырғысы кіреді. Алдағы уақытта тұз қышқылы мен сұйық аммиак сияқты химиялық компоненттер өндірісін ұйымдастыру жоспарланған. Өнім Еуропалық Одақ, Солтүстік Африка және Таяу Шығыс елдеріне экспортталады.
Fufeng Group Limited 1999 жылы құрылған, қытайлық тамақ және химия өнеркәсібіндегі компания. Әлемдегі ең ірі тағамдық қоспалар, дәм күшейткіштер мен тәттілендіргіштер, сондай-ақ әртүрлі аминқышқылдар, гидроколлоидтар, дәмдеуіштер, аралас мал азығы, тыңайтқыштар, косметикалық және фармацевтикалық препараттар өндірушілерінің бірі.
Тағы бір қытайлық компания Шымкентте қоқыс өңдейтін зауыт салмақшы. Shaanxi Construction Engineering компаниясы тәулігіне мың тоннаға дейін қоқыс өңдей алатын зауыт салуды жоспарлап отыр.