Салық көтерілсе, шетелден келетін тауарлар да қымбаттайды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Шетелдік тауарлар қымбаттауы мүмкін / Фото: shutterstock

Қосылған құн салығы көтерілсе, шетелден келетін импорттық тауарлар бағасы да өсуі мүмкін. Мұны үкіметтегілер де растайды.

Сенаттағы жиыннан кейін журналистер Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушуковаға қосылған құн салығы көтерілсе, сыртқы сауда үшін қандай салдары болады деген сұрақ қойды. Ол тауарлар қымбаттауы мүмкін екенін айтады.

«Біз тұтынатын тауарлардың барлығын сырттан әкелмейміз. Иә, біраз бөлігі бар. Кейбір импорттық тауарлар үшін салдары болуы мүмкін», – деді вице-министр.

Нақты айтқанда «кейбір шикізат немесе біздің елімізде дайын өнімнің шығарылуына қатысатын, үшінші елдерден әкелетін қосалқы бөлшектер» бағасы өсетіні анық. Дегенмен вице-министр салық көтерілсе де, сыртқы сауда көлеміне әсері болмайды деп есептейді.

«Сауда қөлемі қысқара қоймайды. Біз тұтынған тауарды ары қарай да тұтына береміз», – деді ол. Бірақ қымбат тауарлар тұтынатын боламыз ғой деген сұраққа, «мүмкін» деп жауап қатты.

Еске салайық, қазір Үкіметте Жаңа салық кодексі талқыланып жатыр. Оған сәйкес, осылған құн салығы мөлшерлемесі 16 пайызға көтеріліп, ал тіркеу шегін 40 млн теңгеге дейін түседі. Бұл өзгерістен кейін министрлік бюджетке 4-5 трлн теңге түсуі керек деп үміттенеді.

Сондай-ақ оқыңыз