Lifestyle

Time журналы әлемдегі ең ықпалды 100 адамның тізімін жариялады. Олар кімдер?

Қалыптасқан дәстүр бойынша Time журналы әлемдегі ықпалды 100 адамның тізімін жариялады. Тізімге 32 елдің өкілдері енген.

Әуелі саясаттан бастасақ. Time редакциясы Дональд Трамп әкімшілігінен алты адамды тізімге кіргізген. Оның ішінде АҚШ президентінің өзі де бар. Бұл – 2009 жылдан бері тіркелген рекордтық көрсеткіш. Ол кезде Барак Обама билікке келген еді. Журналға енген саясаткерлер ішінде:

– АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс,
– Сирияның өтпелі кезеңдегі президенті Ахмед аш-Шараа,
– АҚШ үкіметінің жұмыс тиімділігін арттыру жөніндегі агенттігін (DOGE) басқаратын, Трамптың кеңесшісі Илон Маск,
– АҚШ-тың Сауда министрі Говард Латник,
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус,
– АҚШ-тың Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрі Роберт Кеннеди – кіші,
– Мексика президенті Клаудия Шейнбаум бар.

Ал ең ықпалды әртістер қатарына журнал әнші Эд Ширанды, актриса Скарлетт Йоханссон мен Кристен Беллді және актер әрі продюсер Адам Скотты қосқан.

Биылғы тізімдегі тағы бір рекорд – 16 бизнесмен мен ірі компания басшылары енді. Мұндай бұрын-соңды болмаған. Арасында Walmart басшысы Даг Макмиллон, сән дизайнері Миучча Прада, Netflix-тің коммерциялық директоры Тед Сарандос, Марк Цукерберг және басқалар бар.

Time 100 тізіміне енген спортшылар қатарында теннисші Серена Уильямс, гимнаст Симона Байлз, баскетболшылар Нафиса Коллиер мен Брианна Стюарт, сондай-ақ 22 жастағы француз жүзушісі Леон Маршан бар. Айта кетейік, төрт дүркін Олимпиада чемпионы Маршан осы жылғы тізімдегі ең жас адам атанды.

Сонымен қатар тізімге тоғыз белсенді мен құқық қорғаушы енді. Олардың ішінде сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған 72 жастағы француз Жизель Пелико да бар.

2011 жылдан 2020 жылға дейін оның күйеуі Доминик Пелико әйелінің тамағы мен сусынына есірткі мен ұйықтататын дәрі қосып, кейін басқа ер адамдарды үйге шақырып, олар Пеликоға зорлық көрсеткен. 2024 жылы Доминик Пелико 20 жылға бас бостандығынан айырылды.