Қытай электромобиль апатынан кейін автокөлік өндірісін бақылауға алды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Xiaomi SU7 апатынан соң автономды басқару жүйесіне күмін туды / фото: REUTERS/Tingshu Wang

Қытай электромобиль өндірушілерге жарнамада «ақылды көлік басқару», «көлікті автономды басқару» терминдерін қолдануға тыйым салды. Бұған қоса Бейжің осындай технологиялық жаңалықтарға бақылауды күшейтті.

Электромобиль өндірісін шектейтін талап

Құжатпен танысып шыққан Reuters агенттігінің хабарлауынша, өнеркәсіп министрлігі сәрсенбі күні автоөндірушілердің 60-қа жуық өкілімен кездесіп, оларға көлік жарнамасына қатысты тапсырма берді.

Бейжіңнің осындай қадамға баруына биыл наурызда Xiaomi компаниясы шығарған SU7 седанының жол апатына ұшырауы себеп болды. Автономды басқару жүйесінің көмегімен басқарылатын электромобиль жөнделіп жатқан жолды танымай, бетонға соққан. Ірі апаттан үш адам қаза тапқан.

Осы оқиғадан кейін автономды басқару жүйесінің қаншалықты сенімді екеніне қатысты көп сауал туындады. Жұрт ADAS жүйесіне күмән келтіре бастады.

Министрлік тапсырмасына сәйкес, енді автомобиль өндірушілер мұндай жүйені енгізбес бұрын биліктен рұқсат алуы тиіс. Бұған қоса автокомпаниялар автономды басқару жүйесін ұзақ әрі тиянақты сынақтан өткізіп алуы керек.

Министрліктегі жиналысқа Huawei өкілдері де қатысты. Смартфон және электромобиль өндіретін Huawei компаниясының ADAS электронды басқару жүйесін кем дегенде жеті бренд пайдаланады. Соның ішінде Қытайдағы Audi де бар.

Осы саладағы дереккөздер мен сарапшылар мұндай шектеулер Қытайда автомобильге жаңа технологиялар енгізу ісін біршама тежейді деп есептейді.

Жол апаты әлі тергеліп жатыр

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қытай билігі озық технологияға көп сенбеуге кеңес берген. Bloomberg мәліметінше, седан апатынан кейін Қытайда жол бойында автономды көлік жүргізуге тыйым салатын белгілер пайда бола бастады.

Полиция 29 наурыздағы жол апатын әлі тергеп жатыр. Мәліметтерге қарағанда, жол апатына ұшыраған уақытта электромобильдің Navigate on Autopilot жүйесі қосулы тұрған. БАҚ мәліметінше, жол апатынан кейін седан өртенген.

Жақында Xiaomi корпорациясы директорлар кеңесінің тең төрағасы Лэй Цзюнь бір күнде 7,8 млрд доллар жоғалтты. Компания акциялары 20%-ға құлады.

Бұған дейін Қытай автогиганты BYD өнімдерінің бәріне «Құдайдың көзі» автономды басқару жүйесін орнататынын мәлімдеген.

Сонымен бірге BYD жақында ғана электромобильді бар болғаны бес минутта қуаттайтын құрылғыны таныстырған.

Сондай-ақ оқыңыз