Жаңалықтар

Гарвард университетіне шетел студенттерін қабылдауға тыйым салуы мүмкін

Гарвард пен Ақ үй арасындағы теке-тірес әлі бітер емес / фото: REUTERS/Faith Ninivaggi

АҚШ-тағы ең бай білім мекемесі – Гарвард университетіне шетел студенттерін қабылдауға тыйым салуы мүмкін. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.

АҚШ ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм университет басшылығынан «заңсыз әрекет жасаған, күш көрсеткен» шетел студенттері туралы мәлімет беруді талап етті. Талап орындалмаған жағдайда, университетке басқа да елдердің студенттерін қабылдауға тыйым салынады.

Гарвард есепті 30 сәуірге дейін тапсыруы тиіс. Әйтпесе университет Студенттік және тәжірибе алмасу бағдарламасы (SEVP) сертификатынан айрылады.

Министрлік мәліметінше, университет оқуға қабылдаған шетел студенттеріне осы құжаттың негізінде виза алуға анықтама береді.

Гарвард өкілінің айтуынша, университет министрлік хатынан хабардар, алайда «өз тәуелсіздігі мен конституциялық құқығынан» бас тартпайды.

«Біз заңды сақтаймыз, бірақ әкімшілік те осы қағидадан ауытқымайды деп үміттенеміз», – деп мәлімдеді университет.

Естеріңізге сала кетейік, университет басшылығы АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатына қарсы шықты. Оқу орнының басшылығы биліктің антисемитизмге қатысты талаптарын орындаудан бас тартты. Содан кейін Ақ үй оқу орнының 2,2 млрд доллар көлеміндегі грантын бұғаттап тастады.

«Билікке қай партия келмесін, бір де бір үкімет жекеменшік университтердің қалай оқытып, қай саланы зерттеу керектігіне әмір жүргізбеуі тиіс», – деп мәлімдеген Гарвард президенті Алан Гарбер.

Өткен жұма, университет профессорлары Трампты сотқа беріп, ғылыми зерттеулерге арналған 9 млрд доллардың қысқаруына қарсы шыққан.

Гарвард – Құрама Штаттардағы ең бай білім мекемесі. Bloomberg мәліметінше, оның қорында 53 млрд доллар бар. Соған қарамастан ірі білім мекемелері де мемлекет қолдауына зәру.