Жаңалықтар

Шерзаттың анасы мен әжесін жедел жәрдем алып кетті

Шерзаттың туыстарының денсаулығы сыр берді / фото: Kursiv.Media, Сергей Головня

Шерзат Полаттың қазасына қатысты сотта бүгін марқұмның әжесі Жұмабике Қадырованың қан қысымы көтерілді. Одан кейін анасы Гүлбара Бейшембиеваның да денсаулығы сыр берді. Екеуін де жедел жәрдем көлігі алып кетті.

Таңертең сотталушылардың адвокаттары, жәбірленушілердің өкілдері, сонымен бірге Жұмабике Қадырова да сот отырысын Жетісу емес, қылмыс тіркелген Алматы облысында өткізуді сұраған.

«Осы жерге келгенде қан қысымым бірде түсіп, бірде көтеріліп тұр. Сол себепті (сот отырысын) Алматы облысына ауыстыруыңызды сұраймын», – деді Шерзаттың әжесі.

Алайда судья Ержан Жанұзақов сотқа қатысушы бірнеше адамның өтінішін қанағаттандырмай тастады. Қазір сот отырысы жәбірленушілер Бейшембиева мен Қадырованың қатысуынсыз өтіп жатыр.

Сотта төрт жәбірленушінің біреуі ғана – Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қана отыр. Айта кетерлік жайт, Қаржаубай түске дейінгі сот отырысы кезінде залдан шығып кеткен еді.

Бүгін, 17 сәуірде, Талдықорған қаласындағы сот ғимаратында Шерзат Полат ісі бойынша сот талқылауы басталды. Сот отырысында прокурор айыптау актісінің толық нұсқасын оқып жатыр.

Бұған дейін жәбірленушілер мүддесін сотта қорғаушы адвокат Мейірман Шекеев Шерзаттың туыстары әбден күйзеліп жүргенін айтқан.