
Михаил Шайдоров – мәнерлеп сырғанаудан жарқырап келе жатқан жаңа жұлдыз. Төрт құрлық чемпионатының алтын, әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Жас спортшыға қазір әлемнің назары ауып отыр. Ал қазақстандықтар одан үлкен жетістіктер күтеді. Tatler Asia басылымына берген сұхбатында ол өзінің ішкі әлемі, балалық шағы және шабыт сыйлайтын сәттерімен бөлісті.
Балалық шақтағы естеліктер
Миша Алматыдағы «Рамстор» мұз айдынында өткізген кездерін ерекше сағынышпен еске алады. Бауырымен бірге ойын автоматтарында ойнап, ыстық шоколад ішіп, еркін сырғанаған кездерін ұмытпайды. Бұл мұз айдыны – оның алғашқы жеңіс баспалдағы болып қана қоймай, осы спортқа деген шабытын оятты.

Образ және шабыт
Шайдоров өзін кино әлемінің екі кейіпкерімен байланыстырады: «Дюне» фильміндегі Лисан аль-Гаиб және «Джанго» кейіпкері. Оның айтуынша, бұл образдарда еркіндікке ұмтылыс пен табандылық бар. Бұл оның өмірлік ұстанымдарына ұқсас.
Тұлғалық қырлары
Михаил өзін ойын кейіпкері ретінде сипаттап, харизмасын – 8, интеллектісін – 10 балмен бағалайды. Төзімділік – 7 балмен бағаласа, сәттілігі 6, ептілігін 3 ұпай деп санайды.
Хобби
Шайдоров түнде тойып тамақ жегенді, видеоойындар ойнағанды ұнатады. Ең сүйікті ойыны – Mafia II. Сондай-ақ NBA симуляторларын жақсы көреді.

Нені армандайды
Ол «Гладиатор» фильміне арнап мұз айдынында өнер көрсетуді армандайды. Ал үлгі тұтар тұлғалары — Юдзуру Ханю мен Геннадий Головкин. Бірі — мұз үстіндегі харизма иесі, екіншісі — спорт пен өмірдегі тәртіп пен ұстамдылықтың үлгісі.
Өмірлік ұстанымы
«Қателесуден қорықпаңыз және өз ұстанымыңызды соңына дейін қорғаңыз», — дейді Михаил.