Жол ережесінің 50% айыппұл жеңілдігі қандай жүргізушілерге берілмейді

Марат Қожаев жол қозғалысы ережелерін бұзғандар үшін 50 % жеңілдікті алып тастау туралы ұсынысын тағы да түсіндірді. Сенатор жеңілдікті алып тастау жол ережесін жиі бұзатын бай-бағландарға ғана қатысы болады деп сендіріп отыр.
Заңға бағынбайтын бай-бағландарға жаза күшейеді
Қожаевтың пайымынша, қалталы азаматтар жол ережесін жүйелі, тіпті қасақана бұзатындар қатары аз еместігін айтады.
«Жол қозғалысы ережесін бұзуды әдетке айналдырған жүргізушілер бар. Олар – қымбат көлік мінген жас жігіттер. Айыппұл олар үшін жаза емес, жай ғана қалыпты жағдайға айналған. Олар күн сайын автобус жолағымен жүреді, жылдамдықты асырады, қоғамдық көлікке кедергі жасайды және мұны әдейі жасайды», – деді Қожаев.
Сенатордың нақты ұсынысы бір жыл ішінде он немесе одан да көп ереже бұзғандарға 50% жеңілдікті алып тастау.
«Егер адам жол ережесін он рет бұзса, он бірінші ретте оған ешқандай жеңілдік болмауы керек. Бұл тек жүйелі түрде ереже бұзатындарға қатысты. Қалған жүргізушілерге бұл өзгерістің қатысы жоқ», – деп нақтылады ол.
Қожаев журналистерге статистикалық мәліметтер келтіріп, дәлелдеуге тырысты. Сөзіне сенсек, бір жыл ішінде 195 мыңға жуық жүргізуші ережені 10-нан 50 ретке дейін бұзған, тіпті жүзге дейін ереже бұзған фактілер тіркелген. Сенатор, ол аз десе бір жылда 300-ден артық өрескел бұзулар бар деген мәлімет келтірді.
«Бүгінгі заң мұндай адамдарға қарсы қауқарсыз. Біз оларға айыппұл саламыз, олар жеңілдікпен төлейді де, сол әрекетін қайталай береді. Бұл – жол қозғалысының барлық қатысушылары үшін қауіпті», – деп түйіндеді сенатор.
Қожаев сауалы
Марат Қожаев бұл ұсынысын 13 ақпанда Премьер-министрге жолдаған болатын. Депутат 10 реттен артық жол ережесін бұзған көлік иелеріне теориялық емтиханды қайта тапсыруды міндеттеуді талап етіп, тіпті қажет болса, жиі жол ережесін бұзатындарды куәлігінен айыру тетігін қарастыруды сұраған.
Бектенов не дейді
Үкімет басшысы депутаттың бұл бастамасын құптады. Олжас Бектенов жол қозғалысы туралы заңнаманы жүйелі түрде бұзғаны үшін жауапкершілікті кеңейту туралы бастамасын қолдайтынын жеткізген.