Lifestyle

Соло-саяхаттың артықшылығы мен кемшілігі

Cоло-саяхат деген не?/Фото:kursiv.media архивінен

Cоло-саяхат — жалғыз саяхаттау деген сөз. Бұрын бармаған еліңе ешкімді ертпей, достардың бірігуін, жұмыстан сұрануын, ақша жинағанын күтпей, өзің кетіп қалу. 

Соло-саяхат дегенде бірден қауіпсіздік, жалғыздық пен артық шығын елестеуі мүмкін. Бірақ жалғыз саяхаттаудың ұтымды тұсы да көп. Бүгінгі материалда соло-саяхаттың артықшылығы мен кемшілігін талқылаймыз.

Қаржылық шығын

Жалғыз саяхаттаған қымбат па, әлде топпен жүрген қалтаға ауыр соға ма? 

Бәрі қалай саяхаттағаныңызға байланысты. 

Жұптасып немесе топпен саяхаттаудың артықшылығы дегенде ең әуелі, қонақ үй, такси, тамақ ақысын бөліп төлеу ойға келеді. Шынымен қонақ үй мен әуежайдан қалаға таксимен жету шығындарын бірлесіп төлеу біраз ақша үнемдейді. Әсіресе, қымбат мегаполистер мен туристер көп баратын орындарда бағалар қол жеткізбейді. Мәселен, Сингапурде, Парижде, Нью-Йоркте қонақ үйде жалғыз тұрғаннан, сөзсіз жаныңызға адам алып, шығынның 50 пайызын төлеген тиімдірек. 

Бірақ жалғыз жүріп те, арзан саяхаттай аласыз. Қонақ үйге арзан балама болатын хостел, гестхаус, хоумстейлер бар. Couchsurfing арқылы жергілікті халықпен бірге тұрсаңыз, бірнеше адамға қарағанда, бір кісіге орын табу оңайырақ. Таксидің орнына қоғамдық көлікпен, автобуспен жүруге болады. 

Комфортты саяхат қаласаңыз, екеулесіп немесе топпен жүрген арзандау түседі. Әртүрлі экскурсиялар мен турлар алсаңыз да, адам саны көп болған сайын арзанырақ бағаға келісесіз. Қоғамдық көлік нашар дамыған қалаларда, көрнекі орындары бір-бірінен алыс орналасқан елдерде достармен бірлесіп көлік жалдап, көп жерді аралай аласың. Жалғыз адамға көлік, жанармай шығыны немесе жүргізуші жалдау құны қымбатқа түседі. 

Сол үшін әлеуметтік желілерде «Find a travel buddy» сияқты жолсерік іздеуге арналған топтар көп. Онда бірдей бағытқа бара жатқан саяхатшылар жол, қонақ үй шығынын қысқарту үшін қасына адам іздеп, бірге саяхаттайды. 

Соло-саяхат артық шығындалудан сақтауы да мүмкін. Көбіне топпен жүргенде жанымыздағы адамдарға еріп, өзімізге аса қажеті жоқ дүниелерге қосылып кетеміз. Артық шоппинг, қымбат тамақ пен экстра активитилерге әдетте басқа адамдардың үндеуі түрткі болады. 

Жалғыз саяхатта тек сізге ғана ұнайтын дүниелерді таңдауға, қалаған бюджетіңізге саяхаттауға мүмкіндік бар. Осыдан соло-саяхаттың тағы бір артықшылығы туады. Ол – еркіндік!

Еркіндік 

Соло-саяхатта баратын еліңізді таңдаудан бастап саяхат стилі, қарқыны, ұзақтығына дейін бәрін өзіңіз шешесіз. Қаласаңыз, ұнаған қалада ұзағырақ қаласыз, жолдан кездескен адамдармен жаңа авантюраға қосылып кетесіз, сізге қызықсыз көрінген, бірақ бәрі баратын туристік орындарды араламай-ақ қоясыз. Бір сөзбен, еркінсіз! 

Бір шешім қабылдап, артынша айнып қалу, көңіл-күйіңізге, ішкі сезімдеріңізге қарай жоспарларыңызды өзгерте салу оп-оңай. Бастысы — өзіңізбен гармонияда болу. 

Ал жаныңызда серігіңіз болса, үнемі оның да қалауын ескеріп, кез келген шешімді алдын-ала ақылдасуға, талқылауға, келісуге, ортақ шешім іздеуге тура келеді. Кейде компромисс үшін көңіліңіз қаламаған дүниелерге де көндігуіңіз мүмкін. Мұндай жағымсыз эпизодтардың алдын-алу үшін саяхатқа бірге шығатын адамды мұқият таңдау керек. Онымен құндылығыңыз бен қызығушылықтарыңыз ортақ болсын. Саяхаттан бұрын сапардың жоспары мен бюджетін де келісіп алған жөн.

Орта

Соло-саяхаттың бір кемшін тұсы — кейде өзіңді жападан жалғыз қалғандай сезінесің. Ауырған, қатты шаршаған, сағың сынған кездерде жаныңа демеу, қамқор болатын адам жетіспейді. Қатты қуанған, тамсанған, қорыққан, мұңайған сәттеріңде эмоцияңды бөлісетін адам іздейсің. 

Қасыңда жаныңды түсінетін адамдар болса, әр сәтті ұмытылмастай көңілді өткізуге, әр саяхаттан өмірлік естеліктер жинап қайтуға болады. Бірақ өз ортаңмен, топпен саяхаттаудың бір кемшілігі — сыртқы әлемдегі адамдармен аз танысасың. Жергілікті адамдармен коммуникацияға, орта, дос іздеуге қажеттілік төмендейді. 

Соло-саяхатты бәрі жалғыз жүру деп елестеткенімен, шын мәнінде мұндай саяхатшылар ешқашан жалғыз болмайды. Олар хостелде, көшеде, тауға шыққанда, жағажайда — кез келген жерде жергілікті халықпен, өзі сияқты басқа саяхатшылармен оңай араласып кетеді. Осылай соло-саяхатшыларда бүкіл әлемді тануға, халықаралық достар табуға, әртүрлі білім мен тәжірибе жинауға, тіл жаттықтыруға мүмкіндік әлдеқайда көп.

Қауіпсіздік

Жалғыз саяхат топпен жүргенге қарағанда қауіпті көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес. Негізі ұры-қары, алаяқ пен ниеті бұзық адамдар әлемнің кез келген елінде бар. Ондай адамдар жалғыз саяхатшыға да, топтасып жүрген туристерге де кезігуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, соло-саяхат пен топтық саяхатты бөліп-жара алмаймыз. Бірақ…

Саяхатта жаныңызда кемі бір адам болсын жүрсе, өзіңізді әлдеқайда сенімді, қауіпсіздеу сезінесіз. Қонақ үйде, кэмпингте алаңдамай ұйықтайсыз. Кеш қайтсаңыз, жаныңызда серігіңіз болса, қатты қорықпайсыз. Жаңа экспериенстерге көп ойланбай, қосылып кетесіз. Кез келген қиындықты бірге шешуге болатынын, жаныңызда қажет кезде арқа сүйер адам барын білесіз.

Тұлғалық өзгеріс

Саяхатқа шығудың өзі адамның ойы мен таным көкжиегін кеңейтеді, жаңа мүмкіндіктер мен армандар сыйлайды, менталды саулығына оң әсер етіп, рухани байытады. Ары қарай қалай саяхаттағаныңызға байланысты, бойыңызда кішкене өзгерістен бастап үлкен трансформацияға дейінгі терең тұлғалық өсім болады. 

Бұл әсіресе, соло-саяхаттан кейін қатты байқалады. Адамның жетістікке жетуі — бірінші кезекте, өзін қаншалық жақсы танитындығымен байланысты. Өйткені өзінің мықты-әлсіз тұсын білетін, талантын дұрыс пайдаланып, қажет кезде әлсіздігін күшке айналдыра алатын адамдар сөзсіз арманына жетеді. Ал соло-саяхатшы күн сайын өзімен танысады. 

Жалғыз жүргенде көп оңаша қаласыз, басыңыздан неше түрлі хикая өтеді. Соның бәрінен өзіңізді не нәрсе бақытты қылатынын, қай ортада ашылып, құлпыра түсетініңізді, қандай адамдар ұнамайтынын түсінесіз. Өзіңіз жайлы осы сарындағы көп жаңа ақпарат білесіз.

Жалғыз саяхат адамды комфорт аймағынан шығарады. Әртүрлі жағдайда шешім қабылдауды, өз өмірі үшін жауапкершілік алуды үйретеді. Осы жауапкершіліктен адамның өзімен байланысы күшейеді, өйткені өзіңізден басқа ешкіміңіз жоғын білесіз. Осы қажеттіліктен сезімдеріңізді жақсырақ түсінуге, ішкі түйсігіңізді тыңдауға бейімделесіз. Армандарыңыз бен қалауларыңыз айқындала түседі. 

Соло-саяхат бұрын қолымнан келеді деп ойламаған көп нәрсеге қабілетті екеніңізді көрсетеді. Саяхатта бәрі жоспарлағандай бола бермейді: аяқ асты туған сан түрлі мәселені еңсеріп, шешім тауып шыққанда, соншалық батыл, тапқыр, мәмілешіл бола алатыныңызды көріп, өзіңізге сеніміңіз күшейеді. 

Cаяхатқа жалғыз немесе топпен шыққаныңызға қарамастан, үнемі қаперден шығаруға болмайтын маңызды қауіпсіздік ережелері бар. Оларды ескеру денсаулығыңызды, ақшаңыз бен өміріңізді сақтап, саяхат кезіндегі көп қауіптің алдын-алуы мүмкін. Ендеше мына материалда көрсетілген ережелерді келесі сапарыңызға сақтап алыңыз.