FlyArystan рейстер кестесінің өзгеретінін хабарлады

FlyArystan рейстерінің кестесіне өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабралады.
«FlyArystan әуе компаниясы Астана қаласына/қаласынан қатынайтын рейстердің уақытша кестесіне өзгерістер енгізілгені жөнінде хабарлайды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Компанияның мәліметінше, Астанадан мынадай қалаларға ұшатын рейстер кестесі өзгереді:
- Алматы;
- Шымкент;
- Орал;
- Қостанай;
- Қызылорда;
- Түркістан;
- Ақтөбе.
Сондай-ақ 2025 жылдың сәуір-мамыр айларында Шымкенттен Ақтау, Атырау, Алматы, Астана қалаларына және кері бағыттағы рейстердің де кестесіне өзгеріс енгізіледі.
«Жолаушылардан сапарларын жоспарлау кезінде бұл өзгерістерді ескерулерін сұраймыз. Рейстердің өзекті мәртебесін FlyArystan мобильді қосымшасынан немесе әуе компаниясының ресми сайтынан біле аласыздар», – деп хабарлайды компания.
Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі 9 мамырда өтетін әскери парадқа байланысты Астана қаласының әуе кеңістігін пайдалануға қысқа мерзімді шектеулер қойылатынын алдын ескерткен еді.