
Талдықорғанда өтіп жатқан сотта марқұм Шерзат Полаттың әжесі Жұмабике Қадыровадан жауап алынып жатыр деп хабарлайды KursivMedia.
Қадырова берген жауабында 2024 жылдың 4 қазанындағы оқиғаны айтып берді.
«Сағат кешкі 11 кезінде жұмыстан келдім. Шай ішіп отырған кезде келінімнің телефонына қоңырау келді. Қаржаубай екен. «Шерзат біреуді ұрып қойыпты, соған Нұрқанатты оятып жібер» деді. Тыныштық па? деп едім. Иә, тыныштық, Нұрқанатты оятып жібере салыңыз деді. Келінім барып Нұрқанатты оятты. Қаржаубаймен телефон арқылы сөйлесіп, тез-тез киініп шығып кетті. Мұның тыныштық емес екенін білдім. Шерзат қолымда тәрбиеленген немерем болғандықтан, шай-тамақ маңызды болған жоқ.
Такси тоқтатамын дегенше, 15-20 минут өтті. Дүкенге бардық. Адам топ болып тұр екен. Мен жолдан өтемін дегенше Гүлбара өтіп кетті. Таксиден түсіп жатып Шерзатты іздедім. Ол көрінбеді. Әжесімін ғой. Барып кешірім сұрайын деп бардым. Шерзат адамның жағасына жабысатын бала емес. (…) Олар мылтық, пышақпен келетінін білсем, үйде отырып жедел жәрдем, полицияға хабарлар едім. Ондай ойым болмаған соң өзім келдім», – деді әжесі Қадырова.
Марқұмның әжесі Шерзат Полат қайтыс болғаннан кейін сотталушылардың туыстарының ешқайсысы отбасыдан кешірім сұрамағанын айтты.
«…Бәрі Шерзатқа қарай жүгіріп кетті. Алдынан шыққан мені де қағып жіберді. Орнымнан тұра алмай жатырмын. Сол жерге барған адамның бәрі қол көтерді. Қол көтермеген, аяғымен теппеген бір адам қалған жоқ. Менің баламның бұларға не істеп қойғанын әлі түсіне алмай келемін. Аппақ шашыммен кешірім сұрауға бардым. (…) 200 куәнің оны шыққанда менің балам тірі қалатын еді. Ұлым Қаржаубай «16 жастағы баланың (сотталушы Ысқақ – ред.) өміріне балта шаппайық, кешірім берейік» деді. Бәрін де кешірдік, Алла кешірсін бұларды. Бір Аллаға тапсырып қойыппын. Судья, ақиқат үкім кесесіз бе, кеспейсіз бе, қорғап алып қаласыз ба, жақтап қаласыз ба, ол сіздің ар-намысыңызға берілген дүние», – дейді марқұмның әжесі.
Айта кетейік, қылмыстық іс бойынша сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар:
Абзал Шынасыл;
Равиль Сакиев;
Шыңғыс Белғожаев;
Дархан Әскентай;
Нұрбол Тоқтаубаев;
Азамат Тоқтаубаев;
Нұрқияс Ілиясов;
Дидар Қалиахмет;
Думан Ысқақ.