
Жасөспірім Шерзат Полаттың қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 18 сәуірдегі сот отырысында марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды, деп хабарлайды KursivMedia.
«Дүкеннің алдында 10-15 адамды көрдім. Адамдардың арасында екі қыз болды. Сол жерде біреу «делайте» деп айтады. (Сотталушы – ред.) Дархан Әскентай Шерзаттың бетінен ұрды. Ол жерге құлап түсті. Бұлар Нұрқанат пен Шерзатқа жабылады. Мен Шерзатқа жүгіріп бара жатқан кезде, (сотталушы – ред.) Абзал Шынасыл мен (сотталушы – ред.) Нұрбол Тоқтаубаев қолымнан ұстап алады. «Менің балама тиіспеңдерші, мен анасымын» деп өтіндім. Абзал Шынасыл маған «аузыңды жап, сені де өлтіреміз» деді», – дейді Бишембиева.
Айтуынша, содан кейін марқұм ұлы Шерзаттың жанына барған.
«7-8 адам Нұрқанат (Нұрқанат Ғайыпбаев – ред.) пен Шерзатқа жабылып жатты. Шерзат артқа шегініп, құлады. Сол кезде Шерзаттың аузынан бұрқ етіп қан аққанын көрдім. Шерзатқа жүгіріп барамын. Оған пышақ салғанын көрдім. Одан кейін Нұрқанатты тепкілеп, жабылып жатты. Сол кезде (сотталушы – ред.) Нұрқияс Ілиясовтың қолынан мылтық көрдім. Нұрқанатты ұрды. Нұрқияс Ілиясов Шерзаттың басынан ұрып жатқан кезде оң қолыммен қорғап, тосып қаламын. Қолыма тиеді. Одан кейін 3-4 рет ұрды. 3-4 рет желке тұсынан ұрды. Нұрқияс Ілиясов «тыныш тұр, осы мылтықпен сені де ұрамын» деп айтты», – деді Шерзаттың анасы.
Айтуынша, сотталушылар сол сәтте Шерзат Полаттың аузынан қан ағып жатқанын көрген. Соған қарамастан тепкілей берген. Олар бұл әрекетін тек сол маңдағы адамдар шыққаннан кейін тоқтатқан.
«Күйеуім төбелес болып жатқан кезде жедел жәрдем мен полицияға хабарласқан. Бірақ олар жауап бермеген. Сол маңдағы адамдар шығып қалады. Содан кейін өзіміз апардық. Бірінші көлікке Шерзатты салдық, одан кейін Нұрқанатты салдық. Аузынан қан кеткеннен кейін өледі деп ойладым», – дейді Бишембиева.
Жәбірленушінің сөзінше, Бишембиева оқиға орнында болған екі қыздан жедел жәрдем шақыруды сұраған.
«Қыздар дүкен жақта жақын жерде тұрды. Оларға қарап, жедел жәрдем шақыруын сұрадым. Олар тас лақтырды. Қолдарындағы телефонды көрдім. Оларға қарап, полиция мен жедел жәрдем шақырыңдар дедім. Соған қарамай шақырмай сол жерде тұрды. Бізге қарай тас лақтырды. Лақтырған тасы тиген жоқ. Ол кезде мені Абзал мен Нұрбол ұстап тұрған. Маған лақтырды», – дейді Гүлбара Бишембиева.