Жаңалықтар

Семейде 7-сынып оқушысын зорлаған мұғалімге сот үкімі шықты

Семейде 7-сынып оқушысын зорлаған мұғалімге сот үкімі шықты
Семейде 7-сынып оқушысын зорлаған мұғалімге сот үкімі шықты/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жабық сот отырысында кәмелетке толмағанды зорлау фактісі (ҚК 120-бабының 4-бөлігі) бойынша мектеп мұғаліміне сот үкімі оқылды.

Оқиғаның мән-жайы

2024 жылғы шілде айының соңында Семейдегі мектептердің бірінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген сотталушы Т. қаланың оң жағалау бөлігінде автокөлік ішінде 7-сыныпты енді бітірген оқушыны күш қолданып зорлаған.

Тараптардың ұстанымы

Сотта мемлекеттік айыптаушы – прокурор Т.-ға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленушінің заңды өкілі мен адвокаты мемлекеттік айыптаушының ұстанымымен келіскен.

Ал айыпталушы Т. мен оның адвокаты ақтап шығаруды сұраған.

Сот шешімі

Сот Т.-ның қылмыс жасағаны қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді деп тауып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру және педагогикалық қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.