Жаңалықтар

Сарбазды ұрып комаға түсірген әскери қызметкерге сот үкімі шықты

Сарбазды ұрып комаға түсірген әскери қызметкерге сот үкімі шықты
Сарбазды ұрып комаға түсірген әскери қызметкерге сот үкімі шықты

Қатардағы сарбаз Нұржігіт Әбділпатқа соққы жасап, оны комаға түсірген әскери қызметкердің ісіне қатысты сот үкімі шықты.

Іс Алматы гарнизоны әскери сотында «билікті асыра пайдалану» (ҚК-нің 451-бабының 1-бөлігі) фактісі бойынша қаралған.

2024 жылғы маусымда сотталушы Т. жеке құрамды басқара отырып, әскерге шақырылған әскери қызметші Ә.-нің ішінен әдейі соққы жасап, оның денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Бұл әрекет арқылы айыпталушы оның абыройын таптап, жалған үстемдігін көрсетуді көздеген.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлердің айғақтарымен, тергеу хаттамаларымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденген.

Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Жәбірленушінің өкілдері айыпталушыны заңның барынша қатаңдығымен жазалауды және материалдық шығынды өтеуді сұраған

Сот сотталушы Т-ны 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Жәбірленушінің пайдасына 2 млн теңгеден астам материалдық шығын өндірілген.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Нұржігіт Әбділпат 2024 жылдың 15 мамырында әскерге кетіп, командирінің соққысының салдарынан 9 маусымда комаға түскен. Арада екі апта өткенде комадан шыққанымен, жағдайы нашар күйде еді.

Сарбаздың ата-анасы іс тек «билікті асыра пайдалану» бойынша қаралып жатқанына наразылық танытқан. Олар істі 106-бап «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бойынша да қаралу керек деп арызданған.