Қазақстан Орталық Азияда өнеркәсіп өндірісі бойынша көш бастап тұр

Жарияланды
Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісі қандай / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

2024 жылы Қазақстан өнеркәсіп өндірісі бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлайды.

Былтыр Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 106,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіш Өзбекстаннан – 1,5 есе, Қырғызстаннан 16 есе артық. Ал Түрікменстанмен салыстырсақ, 22 есе көп.

Ал өңдеу өнеркәсібі бойынша Қазақстан Орталық Азияда Өзбекстаннан кейін екінші орында тұр. Бұл саладағы өндіріс көлемі 52,2 млрд теңгені құрап, Қырғызстаннан 10 есе асып түсті.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдері арасында өнеркәсіп өндірісі көлемі бойынша Ресей көш бастап келеді. Ресей федерациясында былтыр 1,3 трлн АҚШ долларына тең өнеркәсіп өнімі өндірілген. Оның ішінде 896,5 млрд доллары – өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Ресейдің ізін ала Қазақстан мен Өзбекстан келеді. 68,3 млрд доллар, соның ішінде 58 млрд доллары өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл елдерден кейін:

  • Беларусь – 62,4 млрд доллар (56 млрд доллары өңдеу өнеркәсібіне тиесілі);
  • Әзірбайжан – 37,7 млрд доллар (11,2 млрд доллары өңдеу өнеркәсібіне тиесілі);
  • Армения – 7,6 млрд доллар (5,5 млрд доллар өңдеу өнеркәсібіне тиесілі);
  • Молдова – 7,6 млрд доллар (4,6 млрд доллар өңдеу өнеркәсібіне тиесілі);
  • Қырғызстан – 6,7 млрд доллар (өңдеу өнеркәсібіне 5,2 млрд келеді);
  • Тәжікстан – 4,9 млрд доллар;
  • Түрікменстан – өңдеу өнеркәсібі бойынша 0,5 млрд доллар көрсеткішпен келеді.

2024 жылы іске қосылған жобалар

2024 жылы Қазақстанда жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 180 жоба іске қосылды. Бұл жобалар 14,4 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Соның ішінде ең ірі жобалар:

  • KamLitKZ – Қостанай облысындағы жүк көліктеріне арналған шойын құю зауыты. Құны – 78,2 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 45 мың тонна, жаңадан 500 жұмыс орны ашылған.
  • «Жетісу Вольфрамы» – Алматы облысындағы «Бөгеті» вольфрам кен орнын игеру жобасы. Жоба құны – 135 млрд теңге, қуаттылығы – 3,3 млн тонна кен және 10 мың тонна концентрат өңдеуге жетеді. Бұл кәсіпорында 350 жаңа жұмыс орны құрылған.
  • Kyzyl Aray Copper – катодты мыс өндіретін кәсіпорын. Жобаға 112,5 млрд теңге қаржы құйылған. қуаттылығы жылына 30 мың тонна ке өндіруге жетеді. Жалпы 780 жұмыс орны құрылған.
  • Доре Ulytau Gold  – алтын-күміс құймасын өндіретін зауыт. Құны – 11,2 млрд теңге ашылған жұмыс орын 300-ге жетеді. Жылына 1,78 тонна алтын мен 1,98 тонна күміс өндіреді.
  • «КЗТА-Қазақстан құбыр арматурасы зауыты» да былтыр ашылған зауыттың бірі. Жобаға 808 млн теңге қаржы құйылған. Жобалық қуаттылығы жылына 45 мың дана өнім өндіруге жетеді. 200-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр.
  • «Технониколь-Казахстан» – Алматы облысында орналасқан жылу оқшаулағыш материалдар зауыты. Құны – 43,9 млрд теңге, Кәсіпорын жылына 1,4 млн текше метр тас мақта мен 400 мың текше метр полимер оқшаулағыш шығарады. 220 жаңа жұмыс орны құрылған.

2025 жылға жоспарланған жобалар

2025 жылы Қазақстанда жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл жобалар шамамен 20 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Мысалы, Алматыда қытайлық Chery, Changan, Haval, Tank брендтерінің автокөліктерін шығаратын «Астана-Моторс» зауыты салынады. Жобаның құны – 182 млрд теңге. Бұл жерде 2,2 мың адам жұмыс істейтін болады. Кәсіпорын жылына 90 мың автокөлік шығара алады.

Тағы бір KIA автокөліктерін шығаратын зауыт Қостанай облысында салынады. Құны – 90 млрд теңге. Мұнда 1,5 мың жұмысшы жұмыс істейді. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 70 мың автокөлік шығаруға жетеді.

«КазГеоруд» компаниясы Ақтөбе облысындағы Лиманное кен орнын игеруді бастайды. Жобаға 241,4 млрд теңге қаржы салынбақ және 460 жұмыс орны құрылады. Жоспарланған қуаттылығы – жылына 1,2 млн тонна кен игеру.

Ал EkibastuzFerroAlloys компаниясы Павлодар облысында ферросплав зауытын салады. Жоба құны 92,4 млрд теңге, мұнда 800 адам жұмыс істейтін болады. Кәсіпорын жылына 240 мың тонна ферросилиций шығара алады.

«ПЗТМ Ltd» компаниясы Ақтөбе облысында рельс дәнекерлеу кәсіпорнын іске қосады. Кәсіпорынға 21,4 млрд теңге инвестиция құйылған, 297 жұмыс орны құрылады. Зауын жылына 825 км темір жол рельсі мен 290 мың шпал шығаруы тиіс.

«ТЭМПО Қазақстан» компаниясы Қарағанды облысында болат жік құбырлар зауытын іске қосады. Жоба құны – 15 млрд теңге, 400 адам жұмысқа орналастырылады. Жоспарланған қуаттылығы – жылына 250 мың тонна болат құбыр өндіру.

QazAlPack компаниясы Шымкентте алюминий қаптамасын (ыдысын) өндіру өндірісін жаңғыртады. Жобаға 21,7 млрд теңге жұмсалады, 112 жұмыс орны ашылады. Бір жылда 1 147 млн дана алюминий банка мен 910 млн дана алюминий қақпақ шығарады деп жоспарланған.

Silumin of Qazaqstan компаниясы Қарағанды облысында алюминий радиаторлары өндірісін іске қосады. Жоба құны – 18,6 млрд теңге, онда 183 жұмысшы жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 3,7 млн секция радиатор шығара алады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет өңдеу өнеркәсібін дамыту мен өндірістің өсу қарқынына ерекше назар аударған болатын. Сарапшылардың айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің өсімі экономиканың құрылымдық трансформациясы, қосылған құнның артуы және инвесторлар үшін тартымдылықтың жоғарылауын білдіреді.

Билік бұл саланы стратегиялық бағыт ретінде қарастырады: жаңа технологияларды енгізу, жұмыс орындарын ашу және өңдеу өндірісін ұлғайту елдің ұзақ мерзімді дамуына серпін береді.

Айта кетейік, бұған дейін Standard & Poor’s халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның егемен кредит рейтингін «BBB-/A-3» деңгейінде «тұрақты» болжаммен растаған. Агенттік сарапшыларының пікірінше, елдің мықты қаржы және сыртқы резервтері әлеуетті сыртқы қауіптерге төтеп беруге жеткілікті.

Сондай-ақ оқыңыз