
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жыл сайын банк секторына қадағалап стресс-тестілеу (ҚСТ) жүргізеді. 2024 жылғы зерттеу нәтижесі Қазақстан банктерінің дағдарыс жағдайында да орнықты екенін көрсеткен. Былтыр тестілеу 11 ірі банкке жүргізілді. Бұл банктер еліміздегі банк активтерінің 85%-ын және несие портфелінің 86%-ын иеленеді.
Қандай сценарий қолданылды?
ҚСТ Ұлттық банкпен бірлесіп әзірленген екі сценарий негізінде жүргізілді:
- Базалық сценарий – ел экономикасының қалыпты дамуын болжайды.
- Стресс сценарий – жаһандық экономикалық күйзелістер, негізгі салалардағы құлдырау және мұнай бағасының төмендеуі жағдайында дамуды ескереді.
Негізгі нәтижелер қандай?
Капитал жеткіліктілігі жоғары. ҚСТ қорытындысы бойынша 11 банктің жиынтық негізгі капиталы жеткіліктілік деңгейі 15,0%-ды құрады. Бұл ең төменгі 5,5% нормативтен едәуір жоғары және банктердің жоғары капиталдандырылуын, дағдарысқа дайын екенін көрсетеді.
Тәуекелдерге қарсы буферлер жеткілікті. Негізгі капиталға ең көп әсер еткен факторлар – несие тәуекелі мен нарықтық тәуекелдер. Дегенмен таза пайыздық кірістер олардың теріс әсерін біршама азайтқан.
Сектордың жалпы жағдайы
2024 жылы банк секторының активтері 19,7%-ға (10,1 трлн теңгеге) өсіп, 61,6 трлн теңгеге жетті. Бұл өсім банктердің несие портфелі мен мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестицияны арттыру есебінен қамтамасыз етілді.
NPL (90 күннен астам мерзімі өткен несие) үлесі 3,1%-ды ғана құрады. Бұл көрсеткіш банк секторындағы сапалы несие портфелінің сақталғанын білдіреді.
Қазақстанда банктер және банк туралы жаңа заң жобасы дайындалды. Құжат жеті негізгі бағыттан тұрады. Солардың бірі – халыққа қызмет көрсететін қаржы ұйымдарына талапты күшейту.
Заң жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк бірге дайындаған. Оған Еуропа қайта құру және даму банкі, Халықаралық валюта қоры, Oliver Wyman, KPMG, Dentons секілді қаржы ұйымдарының сарапшылары да көмектесті.