Қазақстан биыл сыртқы борышын өтеуге 45 млрд доллар жұмсайды

Қазақстанның сыртқы борышын өтеуге қатысты міндеттемесі 2025 жылы 45 млрд долларды құрауы мүмкін. Бұл – Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының есебі. Ал осы тоқсанда (сәуір–маусым) елдің сыртқы қарызы бойынша төлемдері 10,6 млрд долларды құрайды. Ал келесі тоқсанда бұл сома 11,6 млрд долларға дейін өседі.
Теңгенің әлсіреуіне не себеп?
Сыртқы қарызы өтейтін кезеңнің таяуы теңге бағамына әсер етіп жатыр. Мәселен, 17 сәуірде АҚШ доллары 523,18 теңгеге дейін өсті. Бұл – алдыңғы күнмен салыстырғанда 1,07 теңгеге қымбат. Мұнай бағасының өсуіне қарамастан теңгенің әлсіреуі көбіне ішкі факторларға байланысты болуы мүмкін.
Қаржыгерлер қауымдастығы мамандардың жазуынша, валюта сатып алу көлемінің артуына бірнеше себеп бар:
- Сыртқы қарызды өтеу қажеттілігі;
- Мамырдағы ұзақ демалыстар алдында импортты төлеу;
- Жазғы демалыс маусымының басталуы.
Осының барлығы шетел валютасына сұранысты арттырып, теңгеге қысым көрсетеді.
Қазақстанның сыртқы борышы қанша?
Ұлттық банк статистикасына сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның сыртқы қарызы 1,1 млрд долларға өскен. Қазір елдің жалпы сыртқы борышы 164,7 млрд долларды құрайды
165 млрд долларға жуық қарыздың бәрі мемлекеттің алған борышы емес. Тек 15,2 млрд доллары – ел үкіметі алған мемлекеттік сыртқы борыш.
Сыртқы борыштың негізі бөлігі – жеке сектордың сыртқы қарызы. Ол 132,6 млрд долларды құрайды. Одан бөлек 16,9 млрд доллар көлеміндегі сыртқы борыш – мемлекет бақылауындағы банктер мен кәсіпорындардың қарызы.
Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, кейінгі 15 жылда мемлекеттік борыш екі есе өскен. Оған қоса Қазақстан қарызды тым қымбат алып келеді.