Ондаған компания зейнетақы қорына 61,6 млрд теңге қарыз

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
зейнетақы қорына
БЖЗҚ-ға қанша компания қарыз / Фото: gov.kz, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бірыңғай жинақтаушы қорына 15 эмитент 61,6 млрд теңге қарыз. Бұл борышқа екінші деңгейлі банктердегі (ЕДБ) депозиттер мен бағалы қағаздар бойынша міндеттемелер кіреді.

Зейнетақы қоры баспасөз қызметінің хабарлауынша, проблемалық эмитенттер – бұл қаржы құралдары бойынша дефолтқа жол берген және өз міндеттемелерін орындауды тоқтатқан компаниялар.

«Имсталькон» берешегін толығымен өтеді

2025 жылдың сәуірінде «Имсталькон» АҚ қор алдындағы 2,65 млрд теңге көлеміндегі зейнетақы активтері бойынша соңғы берешек қалдығын өтеген. Бұған дейін жалпы берешек 3,87 млрд теңгені құраған.

Бұл – соңғы жылдардағы проблемалық эмитенттерден қайтарылған ірі сомалардың бірі. Сонымен қатар 2020 жылы сот шешімімен эмитенттің лауазымды тұлғалары Қорға 8,9 млн теңге көлемінде шығын өтеген болатын.

Қалған 10 эмитентпен сот процестері жалғасып жатыр

БЖЗҚ қазіргі таңда келесі 10 эмитентпен заң жүзінде жұмыс жүргізіп жатыр. Олар:

  • «РЭМИКС-Р» АҚ
  • «Қазнефтехим» АҚ
  • «Астана-Жылжымайтын мүлік» АҚ
  • «Mineral Resources of Central Asia» АҚ
  • «Төрт-Құдық» АҚ
  • «АПК-Инвест» ЖШС
  • «ҚазЭкспортАстық» АҚ
  • «REAL-INVEST.kz» АҚ
  • «Атамекен-Агро» АҚ
  • «Нұрбанк» АҚ

Аталған компаниялардың қалған берешегі 40,64 млрд теңгені құрайды. БЖЗҚ бұл ұйымдардың үстінен сотқа шағымданып, қаржыны өндіріп алуға тырысып жатыр.

Банкроттыққа ұшыраған эмитенттер: қарыз қайтпай қалуы мүмкін

15 компанияның арасында 5 эмитент; «Валют-Транзит Банк», GLOTUR, Qazaq Banki, «Эксимбанк Қазақстан», «Балама Қаржы» деген компаниялар банкрот болған.

Олардың бағалы қағаздар бойынша қалған берешегі 17,63 млрд теңгені құрайды. Ал банкрот болған банктердегі депозитте зейнетақы қорының 3,3 млрд теңгесі болған.

ЕДБ-дегі депозиттер бойынша – 3,34 млрд теңге. Банкрот бойынша іске қор кредитор ретінде қатысып жатқанымен, қарыз қайтпай қалуы мүмкін. Өйткені банкрот борышкерлердің мүлкі қарызды жабуға жетпейді.

Қылмыстық істер мен тергеу

БЖЗҚ құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, 7 эмитентке қатысты қылмыстық іс бойынша жұмыс жүргізіп отыр. Олардың қатарында:

  • «Mineral Resources of Central Asia»,
  • «Қазнефтехим»,
  • «LANDSBANKI HF»,
  • «Астана-Жылжымайтын мүлік» («Астана-Финанс»),
  • «Эксимбанк Қазақстан»,
  • «Premier Страхование»,
  • «Роса».

Үш іс бойынша (Эксимбанк, Қазнефтехим, Астана-Жылжымайтын мүлік) тергеу мерзімдері тоқтатылды, өйткені эмитенттердің бұрынғы басшыларына іздеу жариялаған.

Қанша қаражат қайтарылды?

БЖЗҚ 2014 жылдан бері проблемалы эмитенттерден 37,37 млрд теңге қайтарды. Соның ішінде 2025 жылдың алғашқы тоқсанында келесі эмитенттерден қаражат түсті:

  • «Имсталькон» АҚ – 2,8 млрд тг
  • «Абди Компани» АҚ – 208 млн тг (купондық сыйақы)
  • «КСМК-2» ЖШС – 7,76 млн тг
  • «Төрт-Құдық» АҚ – 32,8 млн тг
  • «РЭМИКС-Р» АҚ – 103,06 млн тг


БЖЗҚ ресми мәліметіне сәйкес, қайтарылған барлық қаржы зейнетақы активтерінің кірісі ретінде есептеліп, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына бөлінеді.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы активтері 22,3 трлн теңге болды. Бұл көрсеткіш 2014 жылғы сәуірден, яғни зейнетақы активтері БЖЗҚ-да біріктірілген сәттен бері 5 есе өсті.

Сондай-ақ оқыңыз