Облыстардың қарызы белгіленген шектен асса, әкімі жауапқа тартылады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бюджетте белгілеген шектен артық қарыз алса, оған сол өңірдің әкімі тікелей жауапты болмақ. Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс нәтижесінде өңірлердің қарыз алу мәселесінде бірқатар кемшілік анықталған. Аймақтар қарыз шегін сақтамай отыр.

«Жергілікті жерлерде қарыз алу лимиттері (кірістердің 10%-ынан аспайтын) кей жағдайларда сақталмайды. Ал жергілікті атқарушы органдардың лимитті сақтамағаны үшін жауаптылығы көзделмеген. Жалпы қарызды басқару әртүрлі әдіспен жүзеге асырылып келген», – деліген аудиторлық палатаның хабарламасында.

Сол себепті аудиторлық палата Бюджет кодексіне бірқатар ұсыныс енгізген. Бұл өзгеріс 16 наурыздан өз күшіне енген.

Жоғары аудиторлық палатаның ұсынысы мынандай:

  • енді жергілікті қарыздарды өтеуге арналған шығыстар орталық деңгейде қалыптасатын өңірлердің жалпы шығындарының болжамына (білім беру, медицина, инфрақұрылым және т.б.) енгізілмейді. Бұл өңірлерге оларды өтеу бойынша басым жауаптылық бекітеді;
  • жергілікті атқарушы органдар борышының лимиттері ҚР Президентінің жарлықтарымен бекітілетін нысаналы бағдарлар ескеріле отырып айқындалады;
  • лимит сақталмағаны үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері тікелей жауапты болады.

Жоғана аудиторлық палата бұған дейін облыстар оңды-солды қарыз алып жатыр деп дабыл қаққан. Мәселен, Қарағанды облысының мемлекеттік қарызы соңғы бес жылда 2,2 есе өсіп, оны өтеуге жұмсалатын шығындар 1,5 есе артқан.

Жоғары аудиторлық палатаның өкілі Ардақ Теңгебаев 2025 жылы Қазақстанның мемлекеттік қарыз бойынша шығыстары 6,1 трлн теңгені құрайтынын айтқан. Бұл барлық бюджет шығысының төрттен бір бөлігіне тең.

Сондай-ақ оқыңыз