
Қазақстанның жас шахматшылары Грекияның Родос аралында өткен жылдам және блиц шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында ел тарихындағы ең үздік нәтиже көрсетті. 13-17 сәуір аралығында өткен додада 49 елден 433 спортшы бақ сынады. Қазақстан құрамасы 14 жүлде — 10 алтын және 4 қола медаль еншілеп, отандық шахмат тарихында жаңа рекорд орнатты.
Блицтен әлем чемпиондары атанғандар:
- Алиша Бисалиева (G8, Астана)
- Әміржан Әнетов (O10, Астана)
- Елназ Қалиахмет (G16, Алматы облысы)
- Ерғали Сүлеймен (O18, Астана)
Қола медаль иегерлері:
- Сүлеймен Нұрақын (O12, Астана)
- Жансая Шолпанбек (G12, Алматы облысы)
- Даниял Сәпенов (O18, Қарағанды облысы)
Қос түрден жеңіс дублімен ерекшеленгендер:
- Алиша Бисалиева (8 жаста)
- Әміржан Әнетов (9 жаста)
- Елназ Қалиахмет (14 жаста)
- Ерғали Сүлеймен (16 жаста, 23 мамырда 17-ге толады)
Осы төрт шахматшы рапид пен блицте де жеңімпаз атанып, чемпиондық деңгейін толық дәлелдеді. Әсіресе Алиша Бисалиева 22 партияның барлығында жеңіске жетіп, турнирдің басты сенсациясына айналды.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жас шахматшыларды ерекше атап өтті:
«Біздің жасөспірімдер керемет нәтиже көрсетті. Бұл – шахматшылардың шеберлігінің, мінезі мен ерік-жігерінің нақты дәлелі. Біз осындай жарқын жеңістер көбейе берсін деген тілекпен қажеттінің бәрін міндетті түрде жасай береміз», – деді ол.
Қазақстан шахматшыларының әлем чемпионаттарындағы көрсеткіші жылдан жылға жақсарып келеді:
- 2023 жылы — 2 алтын
- 2024 жылы — 3 алтын
- 2025 жылы — 10 алтын, 4 қола (тарихтағы үздік нәтиже)
Бұған дейін, дәл осы чемпионатта қазақстандық жасөспірімдер алғашқы күні алты алтын алғаны туралы жазған едік.