
Орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) мен WBC чемпионы, доминикандық Карлос Адамес (24-1-1, 18 KO) арасындағы жекпе-жек өтуі мүмкін.
Жәнібек өзінің X парақшасында қарсыласына тікелей үндеу жасады:
«Карлос, бос сөзді доғар. Егер бұл жекпе-жекті шынымен қаласаң, командаңа айт. Мен бүгін келісімшартқа қол қоямын. Жанкүйерлер бос уәдеден шаршады. Мен уәдені орындайтын адаммын. Енді өзіңнің де сондай екеніңді дәлелде. Жекпе-жекке шығайық!» – деді қазақстандық чемпион.
Адамес те жауапсыз қалмады. Ол да бұл кездесуге дайын екенін мәлімдеді:
«Адамдар үнемі бір әңгімені оқудан жалықты. Мен ешқашан жекпе-жек ұйымдастыруға осынша кедергі болғанын көрмедім. Маған ешкім қажет емес, тек Жәнібек қана керек екенін бұрыннан айтып жүрмін. Егер бұл жекпе-жек өтсе, мен сені зейнетке шығарамын», – деді доминикандық боксшы.
Еске салсақ, Жәнібек Әлімханұлы 5 сәуірде Астанада француз Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) бесінші раундта нокаутпен жеңіп, екі чемпиондық белбеуін сәтті қорғаған еді.