Қазақстанның Ресейде өтетін парадқа әскери техниканы жалға бергені рас па

Әлеуметтік желіде әскери техникалар колоннасы кетіп бара жатқаны туралы видео тарады. Видеоның түсіндірмесінде бұл техниканың Ресейде өтетін әскери парадқа бара жатқаны айтылған. Бұл ақпараттың жалған екенін @stopfake_kz парақшасы анықтады.
Телеграм арнасы бұл әскери техниканың шын мәнінде Астанада өтетін парадқа кетіп бара жатқанын хабарлаған.
«Бұл жалған, техника Астанада өтетін және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған парадқа кетіп жатыр», – делінген парақшада.
Айта кетейік, Астанада өтетін Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге Қорғаныс министрлігі ертеден әзірлене бастады. Осыған орай 12 наурызда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік әскери техникалардың тасымалданатынын сол себепті жол қозғалысына уақытша шектеу енгізілуі мүмкін екенін алдын-ала ескертіп, хабарлаған болатын. Сонымен бірге баспасөз қызметі Астананың әуе кеңістігін пайдалануға шектеу енгізілетінін де хабарлады.
«Астана қаласындағы әуе кеңістігін пайдалануға қысқа мерзімді шектеулер қойылады. Осыған байланысты әуе рейстерінің кестесіне де өзгерістер енгізілуі мүмкін. Біз азаматтарға рейстер туралы ақпаратты алдын ала нақтылауды ұсынамыз», – деп хабарлады министрлік.