Қазақстан Ауғанстанға 2,2 мың тонна гуманитарлық көмек жеткізді

Қазақстан Ауғанстанға 36 вагон гуманитарлық көмек жеткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек жолдап отыр. Ауғанстанның Балх провинциясындағы Хайратон станциясында гуманитарлық жүк ауған тарапына берілді», – делінген баспассөз хабарламасында.
Темір жолмен жеткізілген жүктің жалпы көлемі 2,2 мың тонна. Вагондарға негізінен ең қажетті деген азық-түлік тиелген. Олар – өсімдік майы, бидай ұны, күріш жармасы, қысқы және жазғы шатырлар, көрпелер.
Бұдан бөлек дәрілік заттар тиелген гуманитарлық көмек әуе кемелерімен жеткізіледі. Барлық гуманитарлық көмек «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің бастамасымен жеткізілген.
Гуманитарлық көмекті ауған тарапына Қазақстанның Ауғанстандағы уақытша сенімді өкілі Ғазиз Ақбасов табыстаған. Ақбасов Қазақстан ауған халқын қолдауды жалғастырып, екі ел арасындағы достық, сауда-экономикалық байланысты дамытуды жалғастыратынын мәлімдеген. Сонымен бірге тараптар тау-кен өнеркәсібі, көлік, логистика мен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге келіскен.
Бұл ынтымақтастықты нығайту мақсатында 21–23 сәуір аралығында вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Кабулға сапар шегеді. Бұл сапар барысында Ауғанстанның ресми тұлғаларымен кездесу өткізіліп, қазақстандық тауарлар көрмесі ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Қазақстан Ауғанстанға жаңа және ескі отандық көліктерді экспорттауды жоспарлап отыр. Қазақстандық көліктерге Ауғанстан тарапының қызығушылық танытып отырғанын, сонымен бірге қазақстандық бизнес иелерінің де бұл нарыққа шығуға дайын екенін Жұманғарин айтқан еді.