Көңіл көншітпейді! Президент Маңғыстаудағы білім сапасын сынға алды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңіріндегі білім сапасын сынға алды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Балабақша мәселесі әлі шешімін таппаған
«Аймақта білім сапасын жақсарту үшін бірқатар шара қабылданды. Бірақ жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей тұр», – деді президент.
Тоқаев екіден алты жасқа дейінгі балалардың 93,9%-ы яғни 46 мың баланың балабақшаға баратынын, алайда орын тапшылығы жойылмағаны себепті 3,5 мыңға жуық бала кезекте тұрғанын айтты.
Білім сапасы нашар
Сонымен қатар президент өңірдегі білім сапасы мәселесін көтерді.
«Білім сапасына қатысты түйткілдер бар. Былтыр мектептегі білім деңгейін бағалау үшін облыста арнайы тест өткізілді. Оған қатысқан балалардың 37%-ның білімі төмен екені анықталды. Былтырғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері де мәз емес. 1,5 мыңға жуық бала, яғни, 20%-ы оқуға түсуге қажетті ең төменгі балдың өзін жинай алмаған. Бұл – еліміздегі ең нашар көрсеткіштің бірі», – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, қаңтар айындағы тестілеуге өңірдің 8 мыңнан астам оқушысы қатысқан. Бірақ бұл оқушылардың үштен бірі шекті көрсеткіштен өте алмай қалған. Президент облыстағы ауыл және қала мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығы – өзекті мәселенің бірі екенін атап өткен.
Тоқаев тапсырмасы
«Тіпті Ақтау мен Жаңаөзендегі мектептердің білім деңгейінде айырмашылық бар. Мектептегі орын тапшылығы азаймақ түгілі көбейіп барады. Қазір 14 мыңға жуық орын жетіспейді. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ», – деді Тоқаев.
Президен бұл олқылақтардың орнын толтыруды тапсырды. Білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасы қабылданғанын, бірақ оның нәтиже бермегенін, сол үшін жұмысты барынша жандандыруды тапсырды.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорына облыс әкімдігімен бірлесіп, жайлы мектептердің құрылысын тездетіп, сапалы стандартты мектеп салу жұмысын жалғастыруды міндеттеді.