АҚШ пен Украина пайдалы қазбаларға қатысты меморандумға қол қойды

Украина мен АҚШ минералды ресурстарға қатысты келісім жасау туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Украинаның экономика министрі Юлия Свириденко мәлімдеген.
«Бүгін біз АҚШ-пен бірлескен Экономикалық әріптестік туралы келісімге қадам жасадық. Украина мен Америка Құрама Штаттары біздің командалардың сындарлы бірлескен жұмысының нәтижесінде екі елдің халқы үшін де тиімді болатын келісімді аяқтауға және жасасуға ниеттілігін көрсететін меморандумға қол қойылды», – деп мәлімдеген министрлік өкілі.
Министр меморандум аясында Украинаны қалпына келтірудің инвестициялық қоры құрылатынын жеткізген. Сондай-ақ екі тарап келісімге келсе, инвестиция, инфрақұрылымды жаңғырту және Украина мен Америка Құрама Штаттары арасындағы өзара тиімді серіктестік үшін мүмкіндіктер ашылатыны айтылады.
Ендігі кезекте келісімге қол қою мәселесі тұр. Қол қойылған соң құжат екі елдің парламентінде ратификациялануы тиіс.
Еске сала кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Киевке әскери қолдауының өтеуі ретінде сирек металдардың жартысын беруді талап етті. Кейін екі ел басшылар Америкада кездесіп, ортақ келісімге келе алмаған еді.