
Google компаниясының бас холдингі Alphabet сотта жеңілді. АҚШ соты оны онлайн-жарнама технологиялары нарығындағы үстемдігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деген үкім шығарды. Енді АҚШ Әділет министрлігі компаниядан Google Ad Manager платформасын сатуды талап етуі мүмкін.
«Google заңды бұзып, баспагерлерге арналған жарнама серверлері мен жарнама биржалары нарығында монополиялық билікті саналы түрде иемденіп, оны сақтап қалуға тырысты», – деп мәлімдеді АҚШ округтік сотының судьясы Леони Бринкема.
Сот құжаттарына сәйкес, Google өз саясатын тұтынушыларға күштеп таңған. Тіпті басқа компанияларға бәсекелес болуға мүмкіндік бермей, нарықтағы үстемдігін күшейткен. Бұл іс бойынша тергеу 2024 жылдың қыркүйегінде басталған. АҚШ Әділет министрлігі Google-ді жарнама технологияларын өз бақылауына алу арқылы монополия құрды деп айыптады.
Google бұл шешіммен келіспейді және қарсы апелляция беретінін мәлімдеді. Компания өкілінің сөзінше, егер жарнаманы тек веб-сайттарда емес, сонымен қатар әлеуметтік желілерде, стримингтік қызметтерде және мобильді қосымшаларда да есепке алатын болсақ, оның нарықтағы үлесі 30%-дан да төмен. Яғни монополия орнатты деуге келмейді.
«Бүгінде біз — көптеген ірі компаниялардың бірі ғанамыз», — деп қорытындылады Google өкілі.
Google Ad Manager – жарнама сервері мен жарнама биржасына жауап беретін бөлім. Брақ сарапшылар оны сатуға мәжбүрлеген күннің өзінде компанияның қаржылық айтарлықтай әсер етпейді деп есептейді. Себебі Google Ad Manager компанияның операциялық табысының 1%-дан азын ғана құрайды.
Google-ге қатысты дау тек АҚШ-та ғана емес. Осы жылы ақпанда Қытай үкіметі де Google сияқты америкалық компанияларға қатысты монополияға қарсы тексеріс науқанын бастайтынын хабарлаған. Қытайдың нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасы Google компаниясының монополияға қарсы заңнаманы бұзуы мүмкін деп күдіктенеді.