
Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті блогер Дариға Нұркееваның (Дарикорн) даулы видеосына қатысты пікір білдірді. Олар видеоға түсіп, буллингке ұшыраған балаға көмек көрсетуге дайын.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің түсіндіруінше, төраға Насымжан Оспанова баланың анасымен тікелей байланысқа шығып, психологиялық және заңгерлік көмек ұсынған. Қажет болған жағдайда Комитет баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін ресми түрде сот процесіне қатысуға дайын екенін де білдірді.
Осы мәселеге қатысты комитет өкілдері медиа алаңдағы инфлюенсерлер мен блогерлерге де құлаққағыс жасады.
«Комитет барлық блогерлерді, инфлюенсерлерді және медиа саласының қатысушыларын балалардың құқықтарын сақтауға және қолданыстағы заңнаманы қатаң ұстануға шақырады. Ниет жақсы болған жағдайда да, балалар қатысқан контентті жариялау олардың психологиялық жай-күйіне теріс әсер етіп, құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін», – деп жазылған комитет мәлімдемесінде.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 145-бабына сәйкес, кез келген адамның, соның ішінде баланың бейнесін жариялау тек оның немесе заңды өкілінің келісімімен ғана жүзеге асырылуы керек. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңға сәйкес, баланың бейнесі шектеулі қолжетімді дербес деректерге жатады және заңмен қорғалады.
Дауға себеп болған қандай видео?
Алматылық келіншек Ольга Колузанова блогер Дариға Нұркееваның(Дарикорн) кесірінен балам буллинге ұшырады деп айыптады. Оның баласы былтыр тамызда Дарикорнның видеосына түскен. Блогер көшеде кетіп бара жатқан балалардан «ең дәмді тамағың қандай» деп сұрайды. Бала «пицца» деп жауап береді. Бірақ блогер субтитрға басқа сөз жазып, өзінің дәмханалар желісінің жарнамасы үшін қолданған. Видео 2 млн рет қаралды.
Осыдан кейін мектеп оқушысын сыныптастары мен достары мазақтап, буллингке ұшыраған. Осыдан кейін Ольга блогерді сотқа берді. Ол кешірім сұрауын және 500 мың теңге көлемінде өтемақы беруін талап етіп отыр.